Құқық қорғау органдары

38 жастағы алаяқ құрықталды

– Маусымның ортасында таныстарымның бірінен маған несие алып беруін сұрадым. Ол бас тартқан жоқ. Бірақ, ақшаны қайтару менің ойымда болған да жоқ.

Бұл жігіт таныстарын тақырға отырғызып кету үшін түрлі айла-тәсілдерді пайдаланған. Мысалы, жәбірленушілердің бірін ер адам құрылыс материалдарын арзанға алып, қымбатқа сатамыз деп қызықтырып, ақшасын алып кетеді. Кейін ізін суытқан. Тағы біріне арзан бензин талондарын алып беремін деп уәде еткен. Бірақ, қаражат қолына тиген соң байланысқа шықпай қояды. Алданғандардың бәрі, әрине, полицияға жүгінген. Алаяқтың атына бүгінде 5 бірдей арыз түсіпті. Көп кешікпей айлакер құрыққа түседі.

Жанар Танишева – Петропавл қалалық ПБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі:

– Бұл факті бойынша 38 жасқа толған, бұрын істі болған Петропавл қаласының тұрғыны ұсталды. Қазір оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Полицейлер жұртшылықты кезекті рет сақ болуға шақырады. Күмәнді іскерлік ұсыныстардан бас тартып, бейтаныс адамдарға сенбеу және алдын ала төлемдерді жасамау керектігін ескертеді. Жалпы, қаңтардан бері облыстық полиция департаментінде “Алаяқтық” бабы бойынша 173 қылмыстық істің беті ашылған.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек