Денсаулық сақтауҚұқық қорғау органдары

Медицина қызметкерлеріне гуманитарлық көмек көрсетілді

Қиын-қыстау сәтте петропавлдық медицина қызметкерлеріне гуманитарлық көмек көрсетілді. Қолдауды СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері танытты. Олар провизорлық стационарда еңбек етіп жатқан бүгінгі күннің батырларына азық-түлік, жеке гигиеналық құралдар мен ас үй жабдықтарын табыстады.

Бұл – жергілікті университеттің №1 жатаханасы. Бүгінде жастар – демалыста, сәйкесінше студенттер үйі бос тұр. Сол себепті ғимарат емдеу мекемесіне айналды. Енді нысанда облыстық көпбейінді аурухананың провизорлық стационары болады. Қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар әкелінген. Бірақ, әлі де қажет. Медицина қызметкерлері көмекке мұқтаж.

Ирина Зайнутдинова – облыстық көпбейінді аурухананың бас медбикесі:

– Біз кез келген көмекке алғысымызды білдіреміз. Себебі, дәл қазіргі уақытта қолдау қажет. Әлі де қорғаныс кұралдары, респираторлар жетіспейді. Кейбір дәрі-дәрмектер түрлерінің тапшылығы да байқалады. Мамандардың да саны аз. Қазір мұнда небәрі 17 медициналық қызметкер жұмыс істеп жатыр.

Қиын-қыстау сәтте медицина қызметкерлері қолдаусыз қалмайды. Жақында Ирина Зайнутдиновамен СҚО бойынша ҚАЖД-ның өкілдері жолығып, көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдіріпті. Бүгін сол гуманитарлық жәрдемдерін әкеліп отыр. Мамандардың қолында пакет-пакет азық-түлік, жеке гигиеналық құралдар, ас үй жабдықтары бар. Оларды шенділер 70 мың теңгеге сатып алыпты.

Александр Кочкин – СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары:

– Қазір медицина қызметкерлері күн-түн демей көзге көрінбейтін індетпен күресіп жатыр. Олар алдыңғы шепте жүр. Мамандар әр науқасты емдеп шығару үшін барларын салуда. Осындай қиын сәтте бүгінгі күннің батырларына көмек көрсетуді жөн деп таптық. Игі шараны жалғастырамыз. Алдағы уақытта да мамандарға қолдау көрсетеміз.

Бұл правизорлық стационар шілденің 10-ы күні ашылды. Емдеу мекемесі 200 орынға шақталған. Қазір мұнда 120 науқас ем қабылдауда. Әр бөлмеге 4 адамнан жатқызылыпты.

Дана Сәлімқызы