Денсаулық сақтау

Өңірге Катар елінен гуманитарлық көмек келді

Республикамызға Катар елінен жіберілген гуманитарлық көмектің бір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілді. Нақтырақ айтар болсақ, өлкеге жеке қорғаныс құралдарының 27 мыңнан астам данасы әкелінді.

Оның ішінде костюмдер, арнайы көзілдіріктер, маскалар және бахила бар. Парсы шығанағындағы мемлекет жіберген көмек өлкеге жұма күні келіпті. Бүгінде қажетті дүниелер облыстағы 27 медициналық ұйымға таратылып жатыр. Мысалы, 1-ші қалалық аурухананың өзіне 200 қорғаныс костюмі, 300 көзілдірік және 3 мыңға жуық бетперде үлестірілген. Ескеретін жәйт, Катардан Қазақстанға келген жәрдемнің ішінде дәрі-дәрмек болмаған. Сондай-ақ, еліміз көрші Ресей мен Қытай мемлекеттерінен де дәл осындай материалдық қолдау күтіп отыр. Ол жуық арада жетуі тиіс. Тәжді вируспен күресте көмектесетін шетелдік гуманитарлық көмектің барлығы емдеу мекемелеріне ғана таратылуы керек. Дәріханаларға өткізуге қатаң тыйым салынған. Бұл талаптың сақталуы қатаң бақылауда.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Облыста жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, полиция мамандары, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылған. Бүгінде олар өңір дәріханаларында перепарттардың бағасын негізсіз өсіру фактілерін анықтаумен айналысып жүр. Дәл осы топ шетелдерден келген жәрдемнің ережеге сай таратылуын да тексеруде.

Дана Сәлімқызы