Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Есептік кездесулерде халыққа берген уәдені орындайтын уақыт аз қалды. Бұл туралы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірдің 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қорытындыланған жиында айтты. Статистикаға сүйенсек, облыстық көрсеткішті 5 бірдей аудан артқа тартуда. Ақжар, Қызылжар мен Шал ақында ауыл шаруашылығы және өндіріс ақсап тұр.

Жиын кадрлық тағайындаудан бастау алды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов отырыс қатысушыларына индустриялық инновациялық даму басқармасының жаңа басшысы Медет Оспановты таныстырды. Азамат осыған дейін Уәлиханов ауданына жетекшілік еткен болатын. Шенеунікке артылған жүк ауыр. Қазір барша өңір карантин талаптарында жұмыс істеп жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-95 күн бойы шектеу мен карантин шараларында жұмыс істеп жатырмыз. Соған қарамастан өңір дамып жатыр. Әлеуметтік экономикалық дамудың оң динамикасы сақталған. Барлық негізгі салаларда өсім байқалады. Облыс екінші ай қатарынан озық қарқыны бар өңірлер қатарына кіреді. Осы жұмысты жалғастыру қажет.

Қарқыннан таймау үшін қатемен жұмыс істеген абзал. Әсіресе, агросектордағы олқылықтарды түзеу керек. Жарты жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 74 млрд теңгенің пайдасын тауыпты. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда өсім 7 млрдты құрайды. Десе де, өңірді артқа тартып тұрған аудандар бар. Жарты жыл болды Қызылжар ауданында құс пен жұмыртқа өндірісінің проблемасы шешілер емес. Жағдайды Жанат Сәдуақасов күзге дейін реттеймін деп уәде берген еді.

Жанат Садвокасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Біз 360 мың бас құс алдық. Тамыз айында тағы 200 мың қанатты сатып аламыз. Бүгінде жұмыртқа өндірісінің көрсеткіші бойынша 80 млн данаға қалып келеміз. Көрсеткішті тек 2020 жылдың қорытындысы түзеуге мүмкіндік бар.

Өңір алқаптарындағы жағдайға келер болсақ. Өткен айдың алғашқы екі онкүндігіндегі ауа райы көңілді қалдырып еді. Әйтеуір маусымның соңында жаңбыр жауып, ахуал біршама тұрақталды. Нәтижесінде дәнді және майлы дақылдар жақсы өсіп жатыр. Егістік аумағында былтырғыдай қырыққабат күйесі байқалмайды. Сәйкесінше, алтын дәнді зиянды жәндіктен өңдеуге жұмсалатын ақша аграрийлердің қалталарында қалмақ. Көңіл қуантарлық көрсеткіш – сүт өндірісінде де. Іске қосылған жаңа фермалардың арқасында ақтың көлемі 10 мың тоннаға артты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қолға алған бағытымыз – дұрыс. Қазір 6 ауданда жалпы сомасы 12,8 млрд тг 10 сүт-тауарлы ферманың құрылысы жүріп жатыр. Шаруаға 200 адам тартылған. Жобаларды іске асырғанда 200-ден аса солтүстікқазақстандықты екі қолға бір күрекпен қамтимыз. Жалпы, жыл сайын айналымда 20 кәсіпорын болуы тиіс. Яғни, 10-ы салынып жатқанда, тағы 10-ының жобасы жасалуы керек.

Алдағы уақытқа ауқымды жоспар құрып жатқанда, кей аудандар сол жоспарды ойлап та жатқан жоқ сияқты. Петропавлдан шалғай орналасқан Қулыкөлдің өзінде ферма тұрғызылуда. Ал, Жамбыл, Тимирязев пен Шал ақындағы жұмыс бір жолға қойылмаған. Соңғысы ақтың өндірісімен айналысатын кәсіпорындағы шаруаны реттей алмауда. Осылайша, «Сергеевка сүт өнімдерінің» мәселесі әкімдіктің бір отырысынан, екіншісіне ауыса береді. Проблеманы реттеу жуырда тағайындалған атқамінерге жүктелді. Өндіріс саласы бойынша көш соңында қалғандардың енді бірі Ақжар ауданы. Көрсеткіш екінші ай қатарынан төмендеп барады.

Ербатыр Мадияров – Ақжар ауданының әкімі:

– Біздің ауданда тау кен өндірісімен айналысатын 9 кәсіпорын бар. Олар қиыршық таспен айналысады. Тауарды Ресейге жеткіземіз. Бірақ, карантин салдарынан жүк тасымалына тосқауыл қойылды. Көрсеткіштің азайғаны да сондықтан.

Иә, карантинге байланысты Ресеймен арадағы шекара жабылды. Бірақ, тек жеке тұлғаларға ғана. Ал, жүк тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға жол – ашық. Сондықтан, орын алған түсініспеншілікті жойып, өндірісті қайта қолға алу керек дейді Құмар Ақсақалов. Ақжар, Қызылжар, Шал ақынмен бірге орташа облыстық көрсеткішті артқа Мамлют және Айыртау аудандары да тартып тұр. Аталған аудан басшыларында есептік кездесу барысында халыққа берген уәделерін орындап, динамиканы түзеуге енді жарты жыл ғана уақыт бар. Оның өзінде жұмыстың басым бөлігі қолайлы кезең – жаз мезгілінде атқарылуы тиіс.

Эльмира Садвокасова