ТКШ

Биыл Петропавлдағы 150-ге жуық үйдің ауласына асфальт төселмек

Тұрғындардың тілегі орындалуда! Петропавлда қыркүйек айына дейін 150-ге жуық тұрғын үйдің ауласына жаңа асфальт төселмек. Қазір бірнеше учаскеде жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Іспен әріптесім Ақалтын Рамазанова арнайы барып танысып қайтты.

Алтынсарин көшесінде орналасқан 165-ші үйдің ауласына біраз жылдан бері асфальт төселмепті. Бұл мәселені ағайын талай мәрте жергілікті билік өкілдеріне жеткізген екен. Сұраулары биыл орындалып отыр. Қазір жергілікті «KAZ FORTIS» серіктестігі баспана алдында жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Іс 2 күн бұрын басталыпты.

Эдуард ШАНДЕР – «KAZ FORTIS» ЖШС директоры:

– Алтынсарин көшесіндегі 165-ші үйдің ауласына асфальт төсеуге 45-ке жуық адам мен 10 бірлік техника жұмылдырылды. Бүгінге дейін істің 90 пайызын аяқтадық. Ертең шаруаны түпкілікті тындырамыз. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Айта кеткен жөн, Петропавлдағы үй аулалары қыркүйек айына дейін қалыпқа келтіріледі. Биыл 150-ге жуық нысан алдына асфальт төселмек. Бір аумақтағы шаруа 4 күннің ішінде тындырылады екен.

Әсем АЙТУЛОВА – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Тұрғындар қала әкімінің кездесуіне аулаларды асфальттау бойынша келген болатын. Соған сәйкес арнайы комиссия құрылып, аулаларға шығып, асфальт керек аумақтар кезекке алынды. Биыл 148 аулаға асфальт төсеу жоспарлануда. Бүгінде 40 аулада асфальт төселді. Бұл 75 мың шаршы метрден асады.

Осы орайда тұрғындардың құлағына алтын сырға! Жерлестеріміз асфальт төселетін аулардың кезегін қалалық әкімдіктің сайтына кіріп, қарай алады.

Ақалтын Рамазанова