Білім

Бірінші тоқсанда оқушылар қалай оқиды

Бастауыш сынып оқушыларына арналып кезекші топ құрылмақ. Осының нәтижесінде ұл-қыздар барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, мектепте білім алуларын жалғастыра алады. Десе де кейбір пәндерді қашықтықтан меңгеруге тура келеді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

14 мың солтүстікқазақстандық оқушының жолы болды. Қыркүйектан бастап олар теледидарға телміріп, компьютердің алдында отырмайды. 287 шағын жинақты оқу ошағының ұл-қыздары дәстүрлі түрде білім алуларын жалғастырады. Өңір бойынша бастауыш сынып балғындарының да мектепке оралу мүмкіндігі бар. Жеткіншектер үшін өздігінен жаңа тақырыпты меңгеру өте қиын. Мұны алға тартқан ата-аналар қауымы кезекші топ құруды сұраған екен. Жауапкершілікті әке-шешелері өздеріне алады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бұл ретте білім ошақтары 4 кезеңді санитарлық қауіпсіздік шараларымен қамтылады. Кабинеттерді желдету, тазарту жұмыстары да жиі жүргізілмек. Тіпті үзілістер әр сыныпқа әр түрлі уақытта болады. Десе де дәстүрлі форматқа пәндердің барлығы бірдей ауыспайды. Кейбірін қашықтықтан оқуға тура келмек. Кезекші сыныпқа оқушыны қабылдау үшін, өтініш беру керек. Егер эпидахуал жақсы болса, арызды мектепке барып, әйтпегенде мессенджерлер арқылы жазуға мүмкіндік бар.

Әзірге қанша балғынның кезекші сыныпқа баратыны белгісіз. Сондықтан, қашықтықтан оқытумен облысымыздың 60 мың ұл-қызы қамтылады деп жоспарланған. 4-ші тоқсандағы тәжірибе көрсеткендей, кейбір интернет платформалар ел болып бір мезетте қосылғанда шыдас бермейді. Яғни, жылдамдық баяулайды немесе байланыс мүлде үзіледі. Сол себепті сайттар мен бағдарламалар жазғы уақытта жетілдіріліп жатыр. Алғашқы жартыжылдыққа арналған материал бүгінде – әзір. Бірақ, заман игілігі арқылы білім алу мүмкіндігі кей оқушыларда жоқ. Олар назардан тыс қалмайды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Қашықтықтан оқытуға байланысты компьютер негізгі құрал болып табылады. 16 мыңнан аса компьютер бар. Мониторинг жүргізеді. 75 мың оқушының 60 мыңында компьютер бар. Өткен оқу жылы 600-ге жуық техника алдық, алдағы уақытта тағы 1 мың аламыз деген жоспар бар.

Күнделікті телесабақтар да кестеге сай жүргізіледі. Видеолар оқушыларға жаңа тақырыпты тереңірек меңгеруге арналған қосымша материал болмақ. Айта кету керек, 1-ші сыныпқа оқушыларды қабылдау тамыз айына дейін жалғасады. Бүлдіршінің медициналық анықтамасы әзірге қажет емес.

Эльмира Садвокасова