Көлік және жолдар

Аққайыңдықтар тәп-тәуір жолға қайтадан асфальт төселіп жатқанына наразы

Тәп-тәуір асфальттің үстіне су жаңа жабынды. Аққайың ауданының тұрғындары жағдайы онсыз да жақсы “Смирново-Астраханка” трассасының қайта жөнделіп жатқанына наразы. Бұқараның айтуынша, ақшаны әбден тозығы жеткен ауданішілік басқа да жолдарға жұмсауға болар еді. Одан қалды, жұмыстың сапасы да жұртшылықтың күмәнін тудырып отыр. Шаруа барысын бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері көріп қайтті.

Саят Ермек – тілші:

– Біз Астраханка ауылындамыз. Бұл – Аққайың ауданы. Алда Көкшетау трассасы, ал біз тұрған мына жол сол трассаны аудан орталығы Смирново селосымен байланыстырады. Мамыр айынан бері бұл 15 шақырымдық учаске орташа жөндеу көруде, яғни жаңадан асфальт төселіп жатыр. Бұл үшін республика бюджетінен 500 млн теңге бөлінген. Алайда, тұрғындар наразы. Сөздерінше, ескі асфальттың жағдайы әсте мүшкіл болмаған. Салыстырып көрелік: міне, ескісі, ал міне, жаңасы. Сондықтан, жұртшылықтың сөзінше, манағы жарты миллиард теңгені одан да айта-айта жауыр болған Смирново мен Қиялыны байланыстыратын жолға жұмсауға болар еді.

Владимир Урбанавичус:

– Жолдың сау-тамтығы жоқ. Ауыр жүк көліктерінен пайда болған мынандай іздер жеңіл машинаның есігінен келеді. Темір тұлпарымыздың түбін қырып, әбден сындырып бітіретін болдық. Апта сайын станцияға барып жөндетеміз. Ал атқамінерлер болса басқа тәп-тәуір жолдың үстіне жап-жаңа асфальт төсеп жатыр. Мұны енді қалай түсінуіміз керек?

Көбі бұл қазына қаржысын жөнсіз шашу деген пікірде. Алайда, жолдарға жауапты облыстық басқарма мұнымен келіспейді. Шенеуніктер Астраханка-Смирново тас жолын жөндеудегі логиканы былай түсіндірді.

Рустам Ахметов – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

– Бұл учаскенің жағдайын жақсы күйде сақтап қалуымыз керек. Ол аудан орталығын республикалық трассамен байланыстырып тұр. Көлік ағыны аса жоғары болғандықтан, тез тозуы мүмкін.

Ал қазірдің өзінде тозып біткен Смирново-Қиялы жолын қалыпқа келтіріңдерші деп аққайыңдықтар сұрап жүргелі қай заман. Биыл жөнделеді-ау деп асыға тосқан еді, бірақ әлі күте тұру керек сыңайлы.

Рустам Ахметов – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

– Жоба дайын, ол қазір экспертизадан өткізіліп жатыр. Кейін ақша бөлініп, күрделі жөндеу жүргізіледі. Тек қашан екені белгісіз. Белгілісі, нақты биыл емес.

Ал аудан орталығына апарар манағы жаңа асфальт шала-пұла төселе салған дейді аққайыңдық журналистердің бірі. Шағымын ол желіде жазған соң, іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласты. Антикор, мердігер, техбақылау, тіпті ұлттық сапа орталығының өкілдері де осында. Басты мәселе – жолдың жиегі иірілген жыландай қисық-қисық, ал кей жерлерде ені де әртүрлі. Жауаптылар мұны аса бір керемет қателік деп санамаса да, тұрғын наразы. Пікір қарамайшылығының арты – кішігірім жанжал.

Кесте бойынша трасса қазан айында тапсырылады, сондықтан олқылықтарды түзетуге әлі уақыт бар.

Ал жабындының қалыңдығы мен жолдың тегістігіне тағар мін жоқ дейді мамандар. Өткен айда жылжымалы зертхана келіп тексеріп кетіпті. Техбақылау да бәрін талапқа сай деп таныған. Алайда, парадокс. Мына жердегі асфальт қазірдің өзінде төменге түсіп кеткен. Күзге дейін жөнге келтіреміз деп мердігер тағы сендірді. Жемқорлықтың иісі сезіле бастады ма, әйтеуір өңірлік “Антикор” жол қолданысқа берілген соң тағы бір келіп тексермекші.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Жолды салу барысында жымқыру фактілері болды деп біз бірден айта алмаймыз. Жол салынғаннан кейін қазан айында біз тағы келіп, жол сапасы орталығымен зерттеу жүргізетін боламыз. Егер бұдан кейін бір сұрақтар туындап жатса, әрине, белгілі бір процессуалдық шараларды қабылдайтын боламыз.

Іске ведомство араласқан соң, сапаға шағымданғандар мін түзеледі деген үмітте. Қиялыға апарар жолды да қалыпқа келтірер кезді аққайыңдықтар асыға күтуде. Алайда, аудан жолдарымен жүк көліктері көп қатынайтын көрінеді. Су жаңа асфальттың олар бірер жыл ішінде быт-шытын шығара ма деп қорқады жұртшылық. Сондықтан, жергілікті әкімдіктен ауыр техникаға арнап айналма жол салып беруді сұрап отыр.

Саят Ермек