Әр түрлі

Қызылжар ауданындағы 4 ауылдың көшелері жөнделіп жатыр

2 млдр теңге! Биыл Қызылжар ауданындағы 4 ауылдың ішкі көшелерін жөндеуге мемлекеттік бағдарламалар бойынша осынша көлемде қаржы бөлініпті. Қазіргі уақытта қомақты қаражат игеріліп жатыр. Бүгінде Якорь, Асанов, Бескөл мен Тепличное елді мекендеріндегі жолдар қалыпқа келтірілуде.

Мырзатай Бәсенов – 16-шы бағыттағы автобустың жүргізушісі. Азамат Петропавл мен Тепличное селосы арасында жолаушы тасымалдайды. 8 жылдың тәжірибесі бар шопырды шұрық-тесік жол әбден қажытыпты. Айтуынша, көктем-күзде ауыл ішіндегі көшелерді су басып, лай-батпаққа айналады. Салдарынан жүру қиындайды. Жағдай жазда да мәз емес.

Мырзатай Бәсенов – автобус жүргізушісі:

– Жолдар өте жаман. Бәрі шаң. Көшелер тек Кеңес үкіметі кезінде жөнделген. Одан соң түкте істелінбеді. Келген сайын сәкілерін жуамыз, әйнектерді сүртеміз. Адамдар таза отырсын деймін.

Тақтайдай тегіс жолды Мырзатай аға ғана емес, барлық село тұрғыны армандады. Бүгінде бұл армандары орындалып жатыр. Қазір мұндағы көшелер жөнделуде. Жауапты іс мамыр айында басталған екен.

Қызметкерлер бүгінге дейін 5 көшеге қиыршық тас пен асфальт төсепті. Қазір арнайы техника негізгі шаруа атқарылған учаскелердің беткі қабатын тегістеп жатыр. Іске 3 бірдей жергілікті компания өкілдері жұмылдырылған екен.

Елдар Зәкірин – Қызылжар аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Тепличное селосындағы жолдарды жөндеуге «Нұрлы жол», «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында 245 млн теңге бөлінді. Жұмыс 3 бағыт бойынша атқарылып жатыр. Яғни, қиыршық тас пен асфальт төселіп, учаскелер тегістелуде.

Мамандардың сөзінше, Тепличное селосындағы жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында мәресіне жетпек. Оған дейін жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын 13 бірдей көше қалыпқа келтіріледі. Айта кетейік, бүгінде мұндай шаруа Қызылжар ауданынындағы Якорь, Асанов пен Бескөл ауылдарында қатар атқарылуда. Іске бөлінген ақша 2 млрд теңгені құрайды.

Маржан Касымбек