ТЖ

Табиғат қорғаушылары орманда өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады

Өлкеде орнаған аптап ыстық орман өртінің қаупін арттырып отыр. Мәселе жоғары ауа температурасында ғана емес. Табиғат қорғаушыларының сөзінше, демалушылар қауіпсіздік ережелерін елеп-ескермейді. Салдарынан тілсіз жау бас көтеруі мүмкін.

Өлкедегі мемлекеттік орман қорының аумағы таң қалдырады – бақандай жарты миллион, нақтырақ айтсақ, 550 мың гектар. Бұл байлықты қызыл жалыннан аман сақтау – орманшылар үшін жыл сайынғы проблема. Биылғы көктемнің өзінде өңір массивтерінде 14 мәрте өрт оқиғасы орын алған. Төтенше жағдайға көбіне аграрийлер себепші екен. Егістікте қалған былтырғы сабанды жағады, жағады да қараусыз қалдырып кетеді. Ал жазғытұрым…

Мереке Жүнісов – “Қызылжар” орман шаруашылығы директорының орынбасары:

– Негізгі факторлар – қалада, орман алқаптарының жанындағы ауылдарда тұратын адамдар демалыс орындарында ошақ жағып, темекі қалдықтарын лақтырып, сөндірмей тастап кетеді.

Иә, бір апта бойы тұрған мұндай аптап ыстықта сөндірілмеген қарапайым темекі қалдығының өзінен тілсіз жау бас көтеруі мүмкін.

Мереке Жүнісов – “Қызылжар” орман шаруашылығы директорының орынбасары:

– Ыстықта және жел тұрғанда өрт тез тарайды.

Абырой болып, мұндай жағдайлар биыл әзір тіркелмеген. Бірақ, орманшылардың сөзінше, карантинге қарамастан шуақты күндерді пайдаланып, табиғат аясында кәуап қуыратындар көп. Яғни, қауіп те бар. Жасыл желекті оттан құтқармаққа мамандар не істемейді десеңізші?! Ұзындығы 9 мың шақырымнан асатын минералдық жолақтарды да жыртып жатыр, орман ішін аралап, тексеріп те жүр, жұртшылыққа жадынамалар да таратуда. Десе де, қауіпсіздік қағидаларын елеу жағы әлі ақсап тұр.

Василий Лабанчук – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Жыл басынан бері табиғат қорғаушылары ережені елемегендерге қатысты 58 әкімшілік хаттама толтырып, жалпы сомасы 805 мың теңгенің айыппұлын салды. Тұрғындар орманда кез-келген жолмен орын алатын өрттің қауіпті екенін түсінулері тиіс. Сондықтан, ошақты көк шөптің үстінде емес, қара жерде жаққан жөн, ал сіріңке мен темекіні сөндіріп барып, қоқысқа лақтыру керек.

Осы ережелер сақталса, орманымыз аман болады, қысқасы. Ал массивтерді жалын шарпыған жағдайда, оны ауыздықтайтын бригадалар жарақталған.

Саят Ермек – тілші:

– Сонымен, СҚО-да 16 орман шаруашылығы бар. Олардың әрқайсысы өрт сөндіру станциясымен жарақталған. Мұнда тиісті дүниенің бәрі бар: міне өрт сөндіру костюмдері ілініп тұр, ондаған күрек те қызыл жалынды ауыздықтауға арналған. Ал кейбір шаруашылықтарда су жаңа өрт сөндіру көліктері де бар екен. Міне, біреуі тұр.

180 миллионға мұндай 10 машина биыл сатып алыныпты. 79 өрт сөндіруші трактор тағы бар. Бірақ, табиғат қорғаушылардың айтуынша орман өртін қарапайым тұрмыстық өртпен салыстыруға тіпті келмейді. Оның ауқымы да басқа, сөндіру күрделірек. Сондықтан, бұқараның жауапкершілігі бұл тұрғыда аса маңызды.

Саят Ермек – тілші:

– Өрт қаупі – мәселенің бір жағы, ал екінші жағы – қоқыс. Қала маңындағы мына массивті орман күзетінің мамандары осыдан 3 апта бұрын жинаған екен. Алайда бір ай да өтпей, айнала толы қағаз қалдықтары, полиэтилен пакеттер мен пластмасс бөтелкелер. Ең сорақысы, дейді орманшылар, мұндай жауапсыз азаматтарды тауып, жазалау қиын, ал кейде тіпті мүмкін емес.

Сондықтан болар, орманды қоқыс алаңына айналдырған небәрі екі адам жыл басынан жауапқа тартылыпты. Олар инспекторлардың көзіне түсіп қалған. Бірақ, тынығып жүрген әр жанды аңдып отыру қолдан келмейтін шаруа. Түйін бір: менталитет пен жасыл желекке деген көзқарас өзгермейінше, жағдайдың түзелері – екіталай.

Саят Ермек