Құқық қорғау органдары

СҚО-да ірі көлемде марихуана тәркіленді

Көлденең жолмен ақша тауып жүрген Петропавл қаласының тұрғыны құрықталды! Ол гаражында ірі көлемде марихуана сақтап, тұрақты клиенттеріне сатып жүріпті. Қолға түскен жаннан бақандай 50 келіден аса аталған есірткі заты тәркіленді.

Жақында жергілікті полицейлер есірткі сатады деген күдікпен 31 жастағы Петропавл қаласының тұрғынын ұстады. Күдік расталды да.Үйді тінту барысында иісшіл иттер гараждан 3 қорап өсімдік тектес зат тапты.

–  Внутри находится вещество растительного происхождения, зеленого цвета. 50 кг марихуаны.

Өсімдік тектес зат бірден сот-химиялық сараптамаға жіберіліпті. Онда 51 келі тәркіленген дүниенің марихуана екені дәлелденген. Бұл – есірткінің үлкен көлемі боп саналады. Оның қара қарықтағы жалпы құны 3 млн 800 мыңнан асады. Ұсталған күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, уақытша тергеу изоляторына қамалыпты.

 Руслан Назаров – СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Скочпен оралған үш қорап табылды. Қораптардың ішінен қаптарға салынған иісі ерекше өсімдік тектес зат тәркіленді. Қазір істің мән-жайын анықтау мақсатында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Тергеу аяқталғасын тиісті жаза қабылданбақ. Жалпы, жыл басынан бері аймағымызда есірткіге қатысты 111 құқық бұзушылық фактісі анықталыпты. Тіркелген зиянды заттың көлемі 173 кг құрайды.

Ақалтын Рамазанова