Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстанда карантин тағы 2 аптаға ұзартылды

Маңызды жаңалыққа құлақ түріңіздер! Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылады. Бұл жайлы кеше кешкісін мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев өзінің “Twitter” желісіндегі парақшасында хабарлады.

Бүгін осы өзгеріске сәйкес Үкіметтік комиссия шешім қабылдады. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен отырыста республика аумағында шектеу шаралары тамыздың 2-сіне дейін ұзартылатындығы жарияланды. Яғни, азаматтар осы уақытқа дейін жалпыға ортақ ережелерді ескерулері тиіс. Қашықтықтан өткен жиында Үкімет басшысы препарат мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, қазір Қазақстанда дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар әрі ол үнемі толықтырылып отырады. Сонымен қатар, Асқар Мамин Білім және Ғылым, Цифрландыру министрліктеріне және әкімдіктерге жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында мектеп оқушыларын онлайн форматта оқытуға
дайын болуды тапсырды. Енді 42,5 мың теңгенің жайына келейік? Президент пәрменіне сай шілде айында мұқтаж жандарға әлеуметтік жәрдемақы төленбек. Төлем кімдерге жасалады?

Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі:

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралары кезеңінде табысынан айрылуы бойынша әлеуметтік жәрдемақы – ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі.

Дана Ешкенова