МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметшілер ым тілін үйренуде

Барлық санаттағы азаматтарға сапалы және қолжетімді қызмет көрсету – мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта былтыр өңірде ым тілін оқыту курсы бастау алды. Қазір арнайы шараға 30 маман қатысып жатыр. Олар 1 айдың көлемінде білікті маманнан білім алып, сертификатқа қол жеткізбек.

Мемлекеттік қызметшілер жұмыс барысында сөйлеу қабілетінен айырылған және құлағының мүкісі бар жандармен де жүздеседі. Сондықтан олар міндетті түрде ымдау тілін білулері тиіс. Осыған орай өңірімізде арнайы курс өткізіліп жатыр.

Онлайн форматтағы курс – тегін, ешқандай ақы төлеудің қажеті жоқ. Дәрісті Нағима Саутова есімді жергілікті сурдоаудармашы жүргізеді. Білікті маман осыдан біраз жыл бұрын ым тілін меңгеріпті. Қазір өзінің білімімен бөлісіп жүр.

Нағима Саутова – сурдоаудармашы:

– Курс барысында мемлекеттік қызметшілерге ыммен сөйлеу тілінің негіздерін үйретемін. Оны меңгерген жандар кембағал адамдармен жүздесіп, еркін қызмет көрсете алады. Білген-түйгеніммен барынша бөлісіп жатырмын. Мысалы, бүгінгі дәрісте тыңдаушыларыма тактильді және сандық әліпбиді үйреттім.

Ым тілі сырт көзге түсініксіз, күрделі болып көрінеді. Бірақ, оны меңгеру аса қиын емес екен. Бұл – Нағима Саутованың пікірі.

Болат Енсегенов – СҚО мемлекеттік қызмет көрсету басқарамасының басшысы:

– Курстар қашықтықтан өткізіліп жатыр. Бұл – аудандардағы мамандарға өте тиімді. Сондай-ақ, барлық карантиндік талаптар да сақталып жатыр. 2:15 Семинардың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға 100 пайыз қызмет көрсетуді меңгеру.

Курс шілде айының басында басталыпты. Оқу бір айға жоспарланған. Сабақтар аптасына екі рет екі сағаттан өткізіледі. Дәрістер аяқталғасын мемлекеттік қызметшілер практикалық емтихан тапсырмақ. Содан кейін оларға тиісті сертификат табысталады. Жалпы, бүгінде 30 адам ым тілін меңгеруде. Жерлестеріміздің барлығы – аудандарда еңбек ететін мамандар. Ал, былтыр дәл осындай курстан 100-ден аса петропавлдық өткен екен.