ТЖ

Өңірде 5 адам су құрбаны болды

Өткен жұмада Солтүстік Қазақстан облысында 5 бірдей адам су құрбаны болды. Қайғалы жайтттардың бірі Есіл ауданында тіркелді. Мұнда ата-анасына қонаққа барған 30 жастағы азамат ажал құшты. Бұл жайлы журналистерге Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мәлімдеп, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң түрде сақтауға шақырды. Тағы, жиында өрт оқиғалары туралы баяндалды.

Шілденің 8-і күні өңірімізде жаға ұстатарлық оқиға орын алды. Сәрсенбіде Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Майбалық ауылы маңындағы айдынға 8 жасар бала батып кетті. Ол ата-анасын ескертпей, достарымен шомылуға барған екен. Жексенбіде тағы бір жағдай тіркелді. Дәл осы ауданда 93-ші жылы туылған азамат көз жұмды. Тепсе темір үзетін жерлесіміз мал бағып жүріп, көлдің рұқсат етілмеген жеріне түсіпті.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары: 

– 12-ші шілде күні, сағат 19:37-де құтқарушыларға 1993 жылғы азаматтың суға батып кеткендігі жайлы хабар түсті. Көз жұмған жан – Ұзынкөл ауылының тұрғыны. Ол ішімдік ішкен күйінде рұқсат етілмеген аумақта шомылған. Көлдің тереңдігі 2 метрден асады.

Бұл – шілденің 12-сі күні орын алған жалғыз қайғылы оқиға емес. Өкінішке қарай, Айыртау мен Есілде де адам шығыны тіркелді. Алғашқы аталған ауданда 81-ші жылы туылған азамат көз жұмды. Ол “Кіші Қоскөл” көлінің жағасында жанұясымен демалған екен. Ал, Есілде 30 жастағы жерлесіміз бақилық болды.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Ата-анасына қонаққа барған 30 жастағы жігіт Явленка селосының маңында Есіл өзеніне түскен. Ол 10 шілде күні түсте үйден шығып кетеді. Содан хабар болмайды. Оны әке-шешесі, достары іздейді. Нәтижесінде өзен жағасынан киімдерін табады. Осылайша оқиға орнына құтқарушылар шақыртылады. Мамандар шілденің 12-сі күні, кешкі 5-тер шамасында азаматтың денесін тапты.

Шомылу маусымы басталғалы бері өңірімізде 8 адам су құрбаны болды. Бұл – өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстарғанда 2 есеге көп. Яғни, былтыр 4 азамат көз жұмған. Брифингте мамандар шілденің 6-сы мен 12-сі аралығында орын алған өрт оқиғалары жайлы да баяндады. Арта қалған жұмада 47 төтенше жағдай тіркеліпті. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді. 5 кісі дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілген. Оның біреуі – бала.

Ақалтын Рамазанова