МТРА жаңалықтары

Ең көп жұмыс орындары – құрылыс саласында

Петропавлдағы жұмыспен қамту орталығы екі қолға бір күрек таппай жүрген қалалықтарға көмектесуге дайын. Жерлестеріміз үшін шаһар билігі 3 мыңға тарта еңбек орнын ашпақ ниетте. Мамандар көбіне құрылыс саласына керек екен.

Қайрат Исаев, темір ұстасы:

– Астанада жеке құрылыс компанияларының бірінде слесарь болып істегенмін. Бірақ ол банкрот болып, жұмыссыз қалдым.

Бірақ, отбасын асырау керек. Сондықтан туған Петропавлға оралуға тура келді. 6 жылдық тәжірибесі бар темір ұстасы жергілікті жұмыспен қамту орталығына барған. Екі қолға бір күрек бірден табылыпты, өйткені ол меңгерген кәсіп иелері қазір бізде тапшы. Бүгінде Қайрат Исаев шаһарда жаңа жылу жүйесін тартып жатқан құрылыс компаниясында еңбек етеді.

Қайрат Исаев, темір ұстасы:

– Құбырларды тарудамыз. Жұмыс ұнайды, ренжітіп жатқан жоқ, жалақым уақытылы.

Карантиндік шектеулер қала бойынша жұмыссыздардың санын біршама арттырды. Табысынан айырылған петропавлдықтардың көбі қазір кез келген шаруаға дайын. Ақша төлесе болғаны. Ал жергілікті билік еңбек биржасында ұсыныстар жетерлік дейді. Бір ғана “жол картасы” аясында облыс орталығында 3 мыңнан астам вакансия ашылмақ. Алайда, сұраныс құрылыс саласында аса жоғары, өзгесінде – некен-саяқ.

Юлия Биржанова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Бетоншылар, тас қалаушылар, құбыр тартушылар, машинистер мен қосалқы жұмысшылар керек. Жұмыс берушілер дипломы бар мамандарды да, студент жастарды да қабылдауға дайын.

Жұмыс қолы тапшы, қысқасы. Тіпті, жұмыссыз қалған нәзікжандыларға да құрылыста орын табылады дейді атқамінерлер. Сөздерінше, қазір қала бойынша үйлер салынып, мектептер, мәдениет пен спорт нысандары жаппай жөнделіп жатыр. Мұнда сырлаушылар, еден жуушылар керек.

Юлия Биржанова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Жұмыссыз қалалықтардың бәрін шақырамыз. Вакансиялар туралы толық ақпаратты қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп немесе телефон арқылы хабарласып біле аласыздар. Сондай-ақ, бос орындардың тізімі сайтта да жарияланған. Орталыққа жүгінген азаматтың қолында жеке куәлігі болса жеткілікті.

Петропавлдағы жұмыспен қамту орталығы бүгінге дейін 600 тұрғынды еңбекпен қамтыдық дейді. Алайда, карантин уақытында ақша тауып, кейін бұрынғы жерге қайта ораламын дейтіндерге мына бір жәйтті ескерген жөн. Жаңа қызметке кіру үшін ескісінен түпкілікті шығып керек. Бұл қағида ақысыз еңбек демалысында отырғандарға да қатысты.

Саят Ермек