Әр түрлі

200-ге жуық елді мекенде интернет жоқ

Өңіріміздің 200-ге жуық елді мекенінде интернет жоқ. Ғаламторға шығуды арман етіп жүргендердің қатарында Қызылжар ауданына қарасты Рассвет селосының тұрғындары да бар. Мұндағы ағайын базыналарын арна тілшілеріне жеткізді. Айтуларынша азаматтар онлайн форматтағы мемлекеттік қызметтерді алу үшін ат терлетіп 3,5 шақырым жердегі көрші ауылға барады. Қашықтықтан оқыту да үлкен проблема.

Аты бар да, заты жоқ. Жұмбақтың жауабы – Қызылжар ауданына қарасты Рассвет селосындағы интернет. Елді мекен облыс орталығынан 55 шақырым жерде орналасқан. Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов пен Айыртау аудандарымен салыстырғанда ауыл Петропавлға тиіп тұр. Иа, дәл осылай деуге болады. Бірақ, тұрғындары өздерін шаһарға әжептәуір жақын екендіктерін сезінбейді. Себебі, заман игілігінен 800-ге жуық адамның оқшауланғанына биыл 4-ші жыл. Ғаламтордың нашарлығы соңғы уақытта, айналамыз жаппай цифрландырылып жатқанда, қатты байқалады. Проблема мектеп жасындағыларды қатты алаңдатуда. Олардың арманы – телефон мен компьютерді желіге қосып ойын ойнау емес, мұғалім жіберген сабақты түсініп, үй тапсырмасын орындау, тексерту.

Тұрсынай Мұратова – Рассвет селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Менің үш балам бар. Екеуі мектепте оқиды. Біреуі – жоғарғы сыныпта, екіншісі – бастауышта. Жоғарғы сыныптағы тапсырмалар өте қиын. Бастауыштағы балам да қиналып оқыды. 01-26/44 Мәселен, пдф форматында жіберілген құжаттарды 1,5 сағаттай тосатынбыз. Ал, қысқа роликтердің жүктелуін күні бойы күтеміз.

Таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін үй тапсырмасы мен орындалған үй жұмысының жүктелгенін күтіп әйтеуір 4-ші тоқсан аяқталды. Бірақ, қашықтықтан оқыту мұнымен аяқталмады. Бейнесабақтарды көріп, заман игіліктері арқылы жаңа тақырыпты меңгеру алдағы оқу жылында да жалғаспақ. Ата-аналар қауымының дабыл қағып жатқаны да сондықтан.

Абай Шайменов – Рассвет селолық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Семипалатное ауылы біздің жанымызда. Интернет оларда да жоқ. Бұрын вышка болғанда интернет ұстайтын, қазір істемейді. Студенттер қашықтықтан оқыту кезінде ауылдың сыртына шығады, дөңге мініп интернетті ұстауға тырысады. Жазда ол жарайды, ал қыста не болады?

Интернеттің жоқтығына өз наразылықтарын аға буын өкілдері де жеткізді. Қариялар онлайн форматтағы мемлекеттік қызметті алып, дәрігер қабылдауына жазылу үшін ат терлетіп көрші ауылға барады.

Наталья Литвиненко – Рассвет селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бескөлдегі ауруханаға кезекке тұра алмаймыз. Оны да онлайн жасау керек. Ал, біздің медпункте интернет жоқ. Сондықтан, Новоникольскке барамыз. Таксидің құны – 2500 тг. Зейнеткерлердің қалтасы көтермейді. Сондықтан 3,5 шақырымды жаяу еңсереміз. Дәрігерге сөйтіп бір жазыламыз, бірақ кейін анализді тапсыру үшін де кезекті броньдау қажет.

Рассвет селосында интернет болмады емес, болды. Елді мекенге “Теле-2” компаниясының мұнарасы орнатылыпты. Бірақ, бірнеше жыл бұрын істен шыққан көрінеді.

Абай Шайменов – Рассвет селолық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– “Теле-“2-ға арыз жазып жібердік. Олар коронавирусқа байланысты келіп, істей алмайтындықтарын айтты. Қазақтелеком арқылы әкімдік пен мектепке интернет тарттық. Бір-бір компьютерден қосылды. Ал, ауылдың өзінде жоқ.

Қызылжар аудандық әкімдігі мәселеден хабардар, оны шешу мақсатында ұялы байланыс компанияларының барлығына өтініш жазыпты. Ал, операторлар проблеманы жақын арада біржақты ететіндерін жеткізген екен. Жалпы бүгінде облыс бойынша кең жолақты интернетпен 437 елді мекен қамтылған.

Мирхат Әбілмәжінов – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінде Цифрлық даму министрлігі және операторлармен бірлесіп 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында 2019 жылдан бастап облысымыздың 79 елді мекеніне кең жолақты интернетті тарту жұмысы бастау алды. Биыл шаруа жалғасын табады. Одан бөлек, жыл соңына дейін 3g, 4g мобильді байланысымен, сәйкесінше интернетпен 70 ауыл қамтылады.

Осылайша, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 570 елді мекен тұрғындары немесе өлкедегі барлық ауылдың 90 пайызы сапалы интернетпен қамтылады.

Эльмира Садвокасова