Құқық қорғау органдары

Велосипедшілерге ережелер түсіндірілуде

– Едете на велосипеде. Когда загорается зеленый сигнал для пешеходов – вы должны спешиться; велосипед толкаете, сами рядом идете… Но тем не менее, в ПДД прописано: надо спешиваться с велосипеда. Правильно? Даже если это нерегулируемый пешеходный переход – вы обязаны слезать.

Соңғы уақытта қала тұрғындары әлеуметтік желілерде велосипед тізгіндеген жерлестерімізге наразы. Шағымдары – орынды. Қос дөңгелекті көлік иелерінің ережеге сай келмейтін қозғалысы жүргізушілерді ғана емес, жаяу жүргіншілерді де алаңдатып отыр. Сондықтан, патрульдік полиция қызметкерлері рейдтерді күшейтті. Тәртіп сақшылары велосипедшілерге негізгі талаптарды түсіндіруде.

Бахтияр Досжанов – қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:

 – Велосипедшілер жолдың оң жақ шетімен немесе тротуармен жүреді. Егер де велосипедшілер жол жүрісі ережелерін сақтамаса, 615-бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылады.

Соңғы жылдары қаламызда велосипедшілердің саны артты. Полицейлер оларды жол қозғалысының барлық қатысушыларына құрметпен қарауға шақырады. Яғни, ортақ ережеге бағынып, кедергі келтірмей қозғалулары қажет.

Елена Сафронова – қала тұрғыны:

– Орталық көшеде балалар, жүкті қыз-келіншектер мен қарияларға серуендеудің өзі қауіпті болып барады. Велосипедшілер ережені елемейді. Жаяу жүргіншілер жолынан жоғары жылдамдықпен өтеді. Қағып кеткен сәттер де болды. Барлығын тәртіпке шақырғым келеді.

Жыл басынан велосипедшілердің қатысуымен 2 жол көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан 2 адам көз жұмды, тағы екеуі жарақат алды.

Эльмира Садвокасова