Денсаулық сақтау

Пневмония белең алуда

Шілденің 10-ы. Үкіметтің кеңейтілген отырысы. Президент біздің елде пневмонияның белгісіз түрі өршіп жатыр және ол жалпы статистикаға енбейді-мыс деген сарындағы қауесеттің таралуын айтып, денсаулық сақтау министрінен жағдайды түсіндіріп беруді сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Что это за пневмония и на самом деле это есть или нет? И какова смертность?

Цой мырза соңғы 6 айда дерттің бұл түріне шалдыққан отандастырымыздың көбейгенін жасырмады.

Алексей Цой – ҚР денсаулық сақтау министрі:

– 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында пневмонияның 98 546 жағдайы тіркелді. Ал 2019 жылы, яғни өткен бір жыл ішінде, 63436 адам шалдыққан болатын. Өсім – 55,4% құрайды. Ал соңғы 6 айда аурудан 1776 адам қайтыс болды.

Иә, статистика әсте көңіл көншітпейді. Бір ғана маусым айының өзінде пневмония 628 отандасымыздың өмірін жалмаған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші 2,3 есеге көп. Президент ахуалды “төтенше” деп бағалап, мәселеге жіті назар аударуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Вы сейчас должны направить усилия не только на сам коронавирус, но и на сопутствующие заболевания, о чем я сказал в своем заявлении – это пневмония. Закрывать глаза или как-то пытаться увести в тень эту проблему ни в коем случае нельзя. Люди гибнут. Сильно болеют.

Солтүстікқазақстандық ақхалаттылар да дерттің бас көтергенін жасырмады. Бір ғана облыстық көпбейінді ауруханаға соңғы екі айда пневмония белгілерімен жүгінетін жерлестеріміздің саны күрт артқан. Шамамен бәрінде диганоз расталатын көрінеді.

Вера Поплавская, облыстық көпбейінді аурухананың пульмонологы:

– Рентген мен компьютерлік томография пациенттердің 90-95 пайызында екіжақты пневмонияны анықтауда.

Бүгінде облыстық ауруханада жайылған 210 орындық провизорлық стационарда бос кереуеттер жоқ дейді пульмонолог Вера ПоплАвская. Сөзінше, пациенттердің бірі аурудан айығып, шығып жатқанда, екіншілері келіп түсіп жатады. Бұл дерт өкпенің 25-тен 90 пайызына дейін зақымдауы мүмкін және оны асқынған шағында емдеу – өте қиын.

Вера Поплавская, облыстық көпбейінді аурухананың пульмонологы:

– Пневмония асқынса, ол өкпемен қоса, ағзадағы қан тамырларының бәрін зақымдайды. Сондықтан, оны емдеу күрделірек. Гормоналды терапия мен антикоагулянттардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Осының арқасында, науқастардың көбі жазылып шығып жатыр.

Десе де, аталған дертпен түскен науқастардың бәрінен бірдей тәжді вирус табылып жатқан жоқ дейді маман. 210 пациенттің әрі кетсе 10 шақтысының COVID-19-ға тапсырған анализдері оң нәтиже береді екен. Олар бірден инфекциялық стационарға ауыстырылады. Дәрігерлердің айтуынша, пневмония белгілерін алғашқы үш күн ішінде байқау қиын. Егер қарапайым дене қызуы түспей, 3 тәуліктен соң тыныс алу қиындап, демікпеге ұласса бірден жедел жәрдем шақырып, медициналық көмекке жүгіну керек. 

Саят Ермек