ТКШ

Петропавлда көпқабатты тұрғын үйлердің сырты боялуда

Облыс орталығындағы мына көпқабатты үй осыдан 50 жыл бұрын тұрғызылған. Содан бері нысанның сыртты мүлде боялмапты. Мұны тұрғындар қалалық әкімдік өкілдеріне бірнеше рет жеткізген екен

Тұрғындарының тілегі орындалды. Кешеден бері жарты ғасырлық тарихы бар нысанның қасбеті жаңартылуда. Нақтырақ айтсақ, көпқабатты үйдің сырты ақ және қызғылт сары түстерге боялуда. Ғимарат алыстан көз тартады.

Екатерина Орлова – “Атлантида” ПИК төрайымы:

– 50 жылдың ішінде үйіміздің сырты әбен тозып, өңі қашты. Сондықтан біз билік өкілдерінен көмек сұрадық. Өтінішіміз жерде қалмай, орындалып жатыр. Сол үшін барлық тұрғындардың атынан ризашылығымызды білдіреміз.

Бұл жұмысқа жергілікті “МИРАС GROUP” серіктестігі жауапты. Аталған ұйым өкілдері қаладағы көпқабатты үйлерді әртүрлі түске бояйды екен. Олардың сөзінше жаңартылған нысандар кем дегенде 5 жыл келбетін сақтап тұрады. Бір ғимаратқа 2 маман жұмылдырылған. Жұмысшылар дәл осындай ғимаратты 2 күнде бояп шығады екен.

Руслан Баженов – “МИРАС GROUP” ЖШС өкілі:

– Бояу жұмыстарына кіріспес бұрын үйдің сыртын тегістеп аламыз. Кейін, негізгі істі бастаймыз. Бір ғимаратты жаңа кейіпке келтіру үшін 500 келідей “Alina Paint” бояуы қажет.

Қазір Петропавлда мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың 70 пайызы – кеңес үкіметі кезінде тұрғызылған. Сондықтан жылда шаһардағы ондағы ғимараттың қасбеті жаңа кейіпке енеді. Мысалы, ағымдағы жылы тиісті шаруа 50-ден аса нысанда атқарылмақ. Іске қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөлініпті.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қаланы абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл шаһарда 53 көпқабатты тұрғын үйдің сырты боялады. Бүгінде дейін 17 ғимараттағы іс аяқталды. Жұмыстар тамыз айының ортасына дейін жалғаспақ.

Айта кетейік, облыс орталығында 2015-ші жылдан бері көпқабатты тұрғын үйлердің сырты боялуда. 

Ешкенова Дана