Қоғам

“IKomek” орталығының қызметі цифрландырылуда

“IKomek” орталығы өткен жылдың соңында өз жұмысын бастады. Содан бері мұнда 93 мыңнан аса қоңырау түсіпті. Жерлестеріміз операторларға хабарласып, көбінесе кеңес алған екен. Кейбірі шағым білдірген. Шағымдардың 85 пайызы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

-Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар мен сұрақтар «IKomek» диспетчерлік қызметінде жинақталады. Жаңа бюджеттік қабылдау кезінде ұсыныстар қолданылып, өзгерістер енгізіледі.

Алдағы уақытта орталықта жаңашылдық орын алмақ. Қызмет толығымен цифрланады. Келіп түскен сұрақтар, арыз-шағымдардың барлығы базада сақталып қалады. Кейін мәселені шешу кезінде мұның барлығы назарға алынады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Әрбір сұрақтың жауабына толықтай жету үшін цифрлық жүйеге барлығы енгізіліп, автоматтандырудан өткізіледі.

Базада видеоға дейін болады. Яғни, қала ішіндегі барлық жағдай түсіріліп, архивте сақталады. Енді бүгінгі жұмысқа тоқталайық. Қазір цифрлы «IKomek»-тің көмегімен шаһардағы қоғамдық көліктердің жұмысы жіті тексерілуде. Автобустар өз бағыты бойынша қатынауда ма?

Жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырған жоқ па? Кешігу орын алды ма? Мамандар осының барлығын бақылайды.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

-Автобустардың қозғалысын бұл жүйенің өзі бақылайды. Егер қоғамдық көлік қала көшелеріне уақытылы шықпаса, тиісті компанияға автоматты түрде хабарлама жіберіледі. Мұндай олқылық тағы қайталанса шарт бұзылады.

Жалпы, өткен жылы «IKomek» орталығын цифрландыруға қалалық бюджеттен 60 млн теңгеден аса ақша бөлініпті. 

Маржан Касымбек