МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

COVID-19 құрбандарын дәрігерлер де үнсіздікпен еске алды

Сағат 11:59-да облыстық аурухана есігінен бір топ ақхалатты шығып, қаз-қатар тізілуде. Ал тура 12-де метрономның мұңды тықылы.

Артық сөз бен қимылсыз 60 секунд. Өкінішке толы 60 секунд. Ақхалаттылардың бірі әріптесінің суретін ұстап тұр. Өлкеге белгілі дәрігер, денсаулық сақтау саласының үздігі марқұм Таңсық Күсемісовтың бейнесі – бұл. Шілденің бесі күні вирус оны да ортамыздан алып кетті. Құтырған індеттің құрбаны болған отандастарымыздың туғандарына мамандар барша медицина қызметкерлері атынан қайғыра көңіл айтады.

Дарья Петрищева – облыстық көпбейінді аурухананың статистик-дәрігері:

– Біз вирус құрсауынан құтқара алмаған жандардың жақындарына көңіл білдіреміз, сабыр тілейміз. Бекем болыңыздар! Біз әрқайсыңыздың қайғыңызға ортақпыз. Науқастарды ажалдан аман алып қалу үшін дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар бар күшін салуда, күні-түні еңбек етіп жатыр.

Иә, минуттық үнсіздіктен соң ұжым асыға тарқасты. Жұмыс көп, өйткені. Біздегі провизорлық стационарлардың бірі дәл осы облыстық ауруханада орналасқан және мұндағы орындар пациенттерден босап жатқан жоқ. Мамандар жасырмайды, қазір жұртшылықтың жүйкесі тозған, ашуын көбі ақхалаттылардан алып жатады. Физикалық та, моральдық та жүктеме қазір орасан. Ал қабылдау бөлімшесінің медбикесі Лилия Бектимированың жар дегенде жалғыз қызы жалпұлттық аза тұту күнінде алғашқы мүшелге аяқ басып отыр. Ана сағыныштан көз жасын әрең ұстап тұр.

Лилия Бектимирова – облыстық көпбейінді аурухананың медбикесі:

– Иә, бүгін қызымның туған күні. 13-ке толып жатыр. Көрмегелі бір айдың жүзі болды. Өз еркіммен одан оқшаулансам да, қатты сағындым. Бірақ, бүгін барып, қашықтықтан болсын құттықтамақшымын. Қазір жағдай мәз емес. Қорқынышты. Өйткені, қабылдау бөлімшесіне түскендердің көбінен вирус табылып жатыр, ауруды жұқтырған әріптестерім де жоқ емес. Бұл сұмдық тезірек аяқталса екен деп тілеймін.

Әрбір өлім – ауыр соққы, қаза болған әрбір пациент – қауіпті вирустың бар екенінің дәлелі. Бүгін күллі Қазақстан жұрты ортамыздан оралмасқа кеткен жандарды еске алуда. Бейнематериалды әзірлеу барысында жергілікті тұрғындармен де тілдестік. Жерлестеріміз енді ешкімнің ауырмағанын, көз жұмбағанын, ел тарихында аза тұту күні болмағанын қалайды. Соны тілейді!

Саят Ермек