Жол картасы

Биыл М.Жұмабаев ауданында 5 мектеп жөнделеді

Булаев қаласындағы «Батыр Баян» атындағы мектеп-гимназиясы 73-ші жылы бой көтеріпті. Бүгінде мұнда 370 оқушы білім алуда. Соңғы жылдары балалар тоңып, жиі тұмаурата берген. Себебі, нысан тұрғызылғаннан бері ағаш терезелері ауыстырылмапты. Салдарынан салқын күз бен қақаған қыс кезінде ғимараттың іші суық болған. Биыл оқу ошағына күрделі жөндеу жұмысы жасалуда.

Мұстафа Қадырбек – «Компания АрАй-НС» ЖШС директорының орынбасары:

– Мектеп салынғаннан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазір мұнда сапалы терезелер орнатып жатырмыз. Жұмыс аяқталған соң мектептің іші жылы болады.

Жұмыс қызу жүріп жатыр. Мердігердің айтуынша құрылыс материалдары жеткілікті. Маман тапшылығы да сезілмейді. Сондықтан іс уақытылы аяқталмақ. Сонымен қатар, мектептің жылу жүйесі де толығымен ауыстырылып жатыр. Жалпы шаруаға ел қазынасынан 41 млн теңге бөлінді.

Юрий Терехов – Б.Баян атындағы мектеп-гимназиясының директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Мектептің жылыту жүйесі тозып, құбыр ішіндегі су дұрыс айналмай қалды. Салдарынан жаққан отынымыз босқа кетеді. Биыл бұл мәселе толығымен шешіледі. Мердігер шаруаны сапалы атқарып жатыр. Қыста ғимарат жылы болады деп сенеміз. Ал, былтыр 30 млн теңгеге мектептің шатырын жөндедік.

Биыл Мағжан Жұмабаев ауданындағы 5 мектеп күрделі жөндеу көрмек. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 250 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті.

Талғат Қарабаев – М.Жұмабаев аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:

– Мектептер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аясында қалыпқа келтіріліп жатыр. Аталған бағдарлама бойынша жергілікті 30-дан аса тұрғын екі қолға бір күрекпен қамтылды. Жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілуде. Арнайы құрылған мониторингілік топ өкілдері апта сайын нысандарда атқарылып жатқан шаруаны барып, тексеріп тұрады.

Бүгінде жоспардағы жөндеу жұмыстары білім ошақтарының барлығында жүргізіліп жатыр. Шаруа қыркүйекке дейін аяқталады. 

Бердимурат Баймухан