Аптадағы маңызды жаңалықтарCOVID-19: Қазақстан

13 шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні

Қазір коронавирусты жұқтырғандардың статистикасын ашып, қарауға қорқатын болдық. Қаралы хабарды күнделікті естіп, қабырғамыз қайысуда. Соңғы мәліметке сүйенсек, індетке шалдыққан отандастарымыздың саны 60 мыңға жуықтады. 375 қазақстандық аты жаман аурудан көз жұмды. Өкінішті, әрине!

Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті:

– Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Бүгін Тәуелсіз Қазақстан тарихында ашық аспан астында желбіреген көк туымыз 9-шы мәрте түсірілді. Осыған дейін ұшақ апаттары, шахталардағы жарылыс пен терракттан қаза болған отандастарымызды 1 минут үнсіздікпен еске алған едік. Енді міне ел болып өмірімен тәжді вирустың кесірінен қоштасқандардың рухына тағзым етудеміз.

Облыстық әкімдік алдына жиылғандардың көздерінде – мұң, жүректерінде – қайғы. Көз жұмған қазақстандықтардың өмірге деген өз жоспарлары бар еді. Олар мансап қуып, кәсіби маман болуды, ел дамуына өз үлестерін қосуды, ал бәрінен бұрын отбасыларымен қызық-қуанышқа бөленуді арман етті. Бірақ, қауіпті індет тіпті жанұямен қоштасуға мүмкіндік бермеді. Вирус біреудің аяулы анасын, асқар тау әкесін, қамқор атасы мен әжесін, бауыр еті баласын әкетті. Аймақ басшысының орынбасары Ғани Нығыметовтың да туған-туыс, жора-жолдастарын вирус айналып өтпеді.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– 10-15 келі салмақ жоғалтып, екі аптадай жатқандар бар. Өкінішке қарай, таныстарымның арасында ата-анасы қайтып кеткендер де бар. Бір танысымның әкесі де, анасы да коронавирустан көз жұмды. Барша қазақстандықтарға көңіл айтамын.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бүкіл Қазақстан қара жамылып отыр. Бірақ, бұл еңсемізді түсіріп, күресті тоқтатуға себеп емес. Дерт ешкімді таңдамайды, талғамайды. Індет енді тарала бастағанда, аға буын өкілдері үшін ғана уайымдап едік. Бірақ, ауруды қазір еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін жұқтырып жатыр. Сондықтан, қорғану қажет, тәжді вирусты жеңу қажет. Ел болып оны жеңеміз де.

 Эльмира Садвокасова