МТРА жаңалықтары

СҚО-да жүзеге асатын инвестициялық жобалар пысықталды

Мына слайдқа қарап таң қаласың. Небәрі 4 жыл ішінде облыс бюджеті екі есеге артқан. 2016-да 130 млрд болса, биыл – 260. Мұндай өсім өлкеде бұрын-соңды болмаған, қыруар қаражат тың инвест-жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл басындағы мәлімдемелердің барлығы кезең-кезеңмен орындалып жатыр. Жобалардың барлығы қаржыландырылған.

Тіпті пандемия кедергі емес. Эпидахуал күрделі болғанымен, бір де бір жоба тоқтап қалған жоқ. 2020-да облысқа құйылатын инвестиция сомасы 100 млрдтан асады. 25 пайызы – жекеменшік. Біздегі көрсеткіш республикалықтан әлдеқайда жоғары. Ендігі сауал – қомақты ақша қайда жұмсалады? Ең алдымен ауыл, нақтырақ мал шаруашылығын ілгерілетуге. Бұл жайлы бұған дейін де талай айтылған еді.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Биыл 2 бордақылау алаңы, 1000 басқа шақталған етті бағыттағы ферманың құрылысы басталды. Сондай-ақ, 10 сүт-тауарлы ферма салынады. Олардағы ірі қараның жалпы саны 6 мың басты құрамақ. Нысандардың бәрі толық қуатта жұмыс істегенде, қосымша 30 мың тонна ақ өндіріліп, 300-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

Фермалардың құрылысы Жоғарғы Бұрлық, Антоновка, Полудино, Надежка, Чапаево мен Рассвет сынды 10 шақты ауылда басталып кетті. Қаржыны кәсіпкерлер мемлекет қазынасынан несиеге алып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз республика бойынша сүт-тауарлы фермаларды ең көп салып жатқан өңірміз. Осымен үшінші жыл көш басында тұрмыз. Бірақ, бұл да аздық етеді. Жыл сайын 20 шақты ферма ашу қажетпіз. Ақша бар, көмектесеміз, тек фермерлер құлық танытса болғаны.

Ал енді ауыл шаруашылығындағы жаңа жобаларға кезек берейік. Келер жылы Петропавлда жылына 10 мың тонна құс етін өндіретін бройлер фабрикасы ашылады. Тағы қалада қызанақ пен қияр өсіретін елдегі ең ірі жылыжайлардың бірі салынбақ. Осылайша, жерлестер қысы-жазы балғын көкөніспен қамтылады. Ал ең ірі сүт зауыттарының бірі ірімшік пен сүзбе өндірісін қолға алмақ ниетте. Бірақ, бір ғана ауыл шаруашылығымен биік белестерді бағындырмайсың. Мақсат – аграрлық-индустриялдық өлке атану.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Алдағы 5 жыл ішінде шетелдік және отандық капиталдың игерілуімен өндіріс саласында 637 млрд. теңгенің 73 ірі инвестициялық жобасын жүзеге асырмақшымыз. 24-і биыл қолға алынбақ.

Жүзеге асып жатқан жобалардың бірі – түрік инвесторына тиесілі. Бұл – ламинатталған фанера зауыты. Құйылар қаржы – 2 млрд теңгеге жуықтайды. Өндірісте жергілікті қайың қолданылмақ. Кәсіпорын жылына фанераның 18 мың текшесін шығармақшы. Болашақта бізде шпон, жиһазға арналған плиталар жасалатын болады. Қалайы мен вольфрам өндіретін қос комбинат құрылысы тағы бар. Ал екібастұздық инвестор бізде кірпіш шығаратын зауыт ашпақшы, дәл сондай кәсіпорын Қызылжар ауданында жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Бұл – өңір үшін маңызды жобалар. Өйткені қазір бізде құрылыс қарқын алды. Аудан орталықтарында 3-5 қабатты үйлер мен дене шынықтыру кешендері, Бескөлде жаңа мектеп салынып жатыр. Петропавл туралы әңгіме тіпті бөлек.

Бұл – түріктер тұрғызып жатқан болашақ көпбейінді аурухананың құрылыс алаңындағы қазіргі жағдай. Әзірге жер жұмыстары жүргізілуде. Ал 2022-де мынадай заманауи емдеу мекемесі ашылады. Бірер күн бұрын ребрендинг жасап “Kozybaev University” атанған жоғарғы оқу орнының маңында жаңа корпустың құрылысы басталып кетті. Қолданысқа ол келер жылы тапсырылады. Сыртқы және ішкі келбетінің эскизі – көз алдарыңызда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Университет студенттерінің санын 10 мыңға жеткізуіміз керек. Бұл корпус – өңірлік білім беру саласына көрсетіліп жатқан мықты қолдау.

Бұдан бөлек шаһарда университет жатақханасы, екі мектеп, бір емхана және ондаған көпқабатты үй бой көтеруде. Биыл облыс бойынша 300 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілмек. Бұл – жаңа рекорд. Кеңестік әрі провинциалдық стильдің дәуірі артта, бүгінде 16, 18 қабатты, келбеті көз тартар үйлер тұрғызылып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Түсі сұр, біркелкі баспаналарды салудың қажеті жоқ. Әрбір үйдің қасбеті өзгеше әрі бірегей болуы тиіс. Осылайша, бір-екі жылда шаһардың кейпін адам танымастай етіп өзгертеміз. Құрылыс саласындағы инвесторларды Петропавлға шақырамыз.

Облыс әкімінің шақыруына негіз бар. Өйткені, алдағы жылдары Есіл жағасы мен Қапай аудандарында су жаңа ықшам аудандар салу жоспарланып отыр. Жұмыс жетеді. Отырыста өлкеде жүзеге асырылып жатқан инвест-жобалардың ең негізгілері, ең ірілері қарастырылды. Жиын 2 сағатқа жалғасты. Осыдан-ақ әлеует пен инвест-климаттың бізде қаншалықты жақсы екенін аңғаруға болады. Ендігі шаруа – межелі істі жүзеге асыра білу деді Құмар Ақсақалов.

 

 

 

Саят Ермек