Құқық қорғау органдары

Петропавлда 39 жастағы баукеспе құрықталды

Оқиға №8 бағыттағы автобустың соңғы аялдамасында орын алыпты. Көлік жүргізушісі салон ішінде қалған жолаушыны байқамай, сыртқа шығып кеткен. Оңай пайда тапқысы келген қала тұрғыны бұл сәтті пайдаланбақ болған. Ол 13 мың теңгедей жол ақысын қолды қылғысы келген. Бірақ, бұдан түк шықпады.

Серікбол Сердалин — автобус жүргізушісі:

 – Үш минуттан кейін артыма қарасам ол ішінде қалып артқы есікті ашып, ішіндегі ақшаны алып жатыр. Мен оны ұстап алдым. Кейін тәртіп сақшыларына тапсырдым. Сол кезде Боркидің учаскелік полицейлері келіп, автобустың ішінде екеуіміздің күресіп жатқанымызды көріп қалыпты. Полицейлер баукеспені ұстауға көмектесті.

Баукеспеге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Сәжида Сыздықова — Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімінің тергеушісі:

– «102» телефон нөміріне №8 автобус жүргізушісі хабарласып, белгісіз тұлғаның автобус ішінен ақша ұрламақ болған жерінен ұстағандығын хабарлаған. Ұсталған адам бұрын сотталған 39 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында баукеспенің осыған ұқсас бірнеше ұрлық жасағаны анықталды. Ұрлықшы жүргізушілердің автобустан шығып кеткенін күтіп, терезеден ақшаны жымқырған екен.

Қоғамдық көліктер – өңір тәртіп сақшыларының ерекше назарында. Полицейлердің кеңесімен автобус иелері салондарына бейнебақылау жүйесін орнатқан. Камераның көмегімен бірнеше қылмыстың беті ашылыпты. Бұдан бөлек, WhatsApp мессенджері арқылы полицейлер мен жүргізушілер өзара құқық бұзушылықтар, із-түзсіз жоғалғандарды іздестіруге қатысты жылдам ақпаратпен алмасады.

 

 

 

 

Ешкенова Дана