Әр түрлі

Өңірімізде ресейлік цирк 8 айдан бері тұрақтап тұр

Мына бір тотықұстың аты – “Кира”, екіншісінікі – “Жора”. Олар адам тілін түсінеді, адамша сөйлейді. Қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап береді. Қарап тұрып таңқаласың! Осы өнерлерімен қанаттылар 2 айлықтарынан сахнада талайды тамсандырып жүр. Құстарды омбылық “Золотой цирк Сибири” деп аталатын цирктің әртістері көпшілік алдына шығарыпты. Алайда, бүгін тотқұстар өңірімізде темір торда қамалып тұр. Оған себеп – еліміздегі карантин.

Иван Щербаков – циркі әртісі, РФ:

– Біз өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанға келіп, гастрольдік сапарымызды бастадық. Алайда, елдегі жағдайға байланысты жұмысымызды тоқтатуға тура келді. Содан бері – Солтүстік Қазақстандамыз. Яғни, Бескөл ауылында тұрақтағанымызға жарты жылдан асты.

Тотықұстан бөлек, ыстық ауа райында, торда жолбарыс, ит және аю тұр. Соңғысы өте ерке екен. Адамдардың көңіл бөлгенін, суретке, видеоға түсіргенін жақсы көреді.

– Бұл – 12 жасар “Галя”. Мұндағы ең ақылды әрі белсенді жануар. Ол бал мен сәбіз жегенді қатты ұнатады..

Иа, тотықұстар да, жануарлар да тамақтанғанды жақсы көреді. Мысалы, “Ляля” атты жолбарыс күніне өзге азық-түліктен бөлек, 3 кг ет жейді. Жемесе жүдеп, әлсіреп қалады екен. Сондықтан цирк әртістері үнемі тамақ алады. Ал, бұл қалтаға айтарлықтай салмақ салған. Жарты жылдың ішінде гастрольден түскен бар ақша таусылып, өнерпаздар сахнадағы серіктерін қоректендіру үшін алтындарын ломбардқа өткізіпті. Интернет арқылы тұрғындардан да көмек сұраған. Жаны жайсаң жандар омбылықтарды қолдаусыз қалдырмады. Олар бүгінде келіп, базарлықтарын әкелуде. Кейбірі қаражат та беріпті. Тағы да жәрдем қажет болса, хабарласу үшін нөмірлерін қалдырғандар бар. Бұған ресейліктер алғыстарын білдіруде.

Иван Щербаков – циркі әртісі, РФ:

– Біздің цирктің құрылғанына 23 жылдай болды. Осы уақыт ішінде мұндай қиындыққа тап болмадық. Көмек қолын созып жатқан адамдарға алғысымыз шексіз. Жалпы, жануарлармен жұмыс істеу оңай іс емес. Біз оларды кішкентай кезінен сатып аламыз. Қоректендіреміз, күтеміз. Мәселен, мен “Галя” атты аюды өзім сүт беріп өсірдім. Бірге түнеген кездер де болды. Сахнадағы серіктеріміз өзіміздің балаларымыз сияқты, әрбіреуіне көңіл бөліп отыру керек.

Цирк ұжымы Қазақстандағы гастрольдік сапарларын карантин режимі аяқталғаннан кейін жалғастырмақшы. Оған дейін Бескөлде тұрақтамақ. Алайда, жануарлардың дәл мұндай жағдайда, ыстық күндері темір торда қамалып тұрғаны әр адамды қыңжылтады.

 

Молдир Шаяхмет