Құқық қорғау органдары

Өңірде сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелді

Жуырда ғана Есіл ауданы әкімінің орынбасары мен селолық округ әкімі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Олар селолық округ әкімдігінің балансында тұрған бұрынғы мекеменің металл құрылысын бұзып, сатып жіберген. Бұдан түскен қаржыны өз қалталарына басқан.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Қос атқамінер мемлекеттке 2,5 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірді. Қазір осы іске байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Есіл ауданы әкімінің орынбасары сумен қамтамасыз ету жүйесін жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатына жүк автокөлігін сатып алды деген күдікке ілінді.

Өткен аптада тағы бір заңбұзушылық фактісі анықталды. “Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі” республикалық мекемесінің аудандық филиалдарының бірін басқарған тұлға лауазымын асыра пайдаланған. Ол қоршаған ортаға 700 мың теңгеге жуық шығын келтіріпті. Оқиғанын мән-жайын нақтырақ баяндайық. Директор өзінің қарамағында жұмыс істейтін қорықшыға ұлттық парк аумағындағы елікті атуды тапсырған. Ол ауланған жануарды сойып, етін мекемені тексеруге келген лауазымды азаматқа бермек болған.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күні заңсыз аңшылық жасау фактісі бойынша филиал директоры мен қорықшыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында басшының ағаш дайындаушылардан жүйелі түрде пара алып отырғаны да белгілі болды. Ол белгілі бір көлемдегі ақшаны қалтаға басып, орманшыларға қолайлы жерден отын дайындау үшін рұқсат қағазын жазып беріп жүріпті.

Бұл – соңғы факті емес. Жақында жергілікті ветеринарлық-санитарлық инспекторлардың бірі құрықталды. Тиісті құжаттары жоқ етті базар аумағында сатқызған. Осы үшін кәсіпкерлерден күн сайын жүйелі түрде 2 мыңнан бастап 10 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Қазір аталған іске қатысты сотқа дейнгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Ешкенова Дана