Әр түрлі

Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт қалыпқа келтірілуде

Полудино ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункт 70-ші жылдары тұрғызылыпты. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған. Кабинеттердің іші, жылыту жүйесі тозып, терезелер шіри бастаған. Биыл нысан қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Жөндеу жұмыстары мамырдың 15-сі басталған. Істің басым бөлігі атқарылыпты. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қасбеті қапталуда. Нысанда барлығы 10 кабинет бар.

Ринат Решетняк – «АРЭС» ЖШС бригадирі:

– Ғимарат қатты ескірген. Біз оның еденін толығымен ауыстырдық. Қабырғасы мен төбесін қалың материалмен қаптап, қыс кезінде жылуды сыртқа шығармайтындай етіп жасадық. Бірер күнде санитарлық торап пен жылыту жүйесін жаңаға алмастырамыз. Келесі апта нысанның маңайын қоршаймыз. Шаруа 12-ші тамызға дейін толық тәмамдалады.

Полудино селосы жылдан- жылға көркейіп келеді. Бүгінде ауылдағы орталық көшелерге 30-дан аса жарықдиодты шамдар орнатылыпты. Бұрын түннің тас қараңғысында қолшаммен соқыраңдап жүруші едік, енді көзіміз ашылды дейді тұрғындар.

– Қыста таңертең поездға отыруға барамыз. Дала қараңғы болғасын аяғымыз қарға батып қалай жүрерімізді білмейміз. Енді көшеге шам орнатылып жағдайымыз жақсарды.

– Бұл көшемен халық көп жүреді. Түнгі уақытта көршінің үйіне барсаң да, жолды көру қиын. Ал, қазір бәрі өзгерді.

Сондай-ақ, биыл ауылдағы тағы 5 көшенің бойына 28 жарықдиодты шам орнатылады екен. 1300-ден аса тұрғыны бар елді-мекенде спортқа жаны жақын жастар көп. Село әкімі Мәдениет Қалиевтің сөзінше, жергілікті ұл-қыздар облыс деңгейіндегі жарыстарға қатысып жүлделі орындардан жиі көрініп жүр. Талапты жастардың шеберлігін шыңдау үшін ауылдың қақ ортасына ашық аспан астындағы спорт алаңы тұрғызылмақ.

Мәдениет Қалиев – Полудино ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Полудино ауылдық орта мектебінің жанында балаларға арналған футбол мен воллейбол алаңы салынып жатыр. Бұл мақсатқа 18 млн ақша бөлінді.

Мұнда ворк аут алаңы да болады. Мамандар жаттығуға арналған құралдарды жақын арада орнатпақ. Шаруа тамыз айының соңына дейін аяқталады. Ал, қыста жастарға хоккей корты салынады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан