Ауыл шаруашылығы

Жұмабаевтық фермерлер мал азығын дайындауда

Қыстың қамын жаз ойла! Бүгінде осындай қағиданы ұстанатын Мағжан Жұмабаев ауданының шаруалары қауырт маусымға арнап мал азығын дайындап жатыр. Олар жазғы науқанда 80 мың тоннадан аса жем-шөп әзірлемекші. Аудандағы серіктестіктердің біріне барып, қызу шаруамен танысып қайттық.

Виктор Штраухтың комбайн рөліне отырғанына 35 жылдан асыпты. Білікті маман бүгінге дейін талай техниканы басқардым. Бірақ, оларды қазіргі көліктермен салыстыруға мүлде келмейді дейді. Замауи машиналар өте тегеурінді. Мысалы, жерлесіміз тізгіндеген шетелдік темір тұлпар 1 күнде 120 гектар жерде өсірілген шөпті шабады екен. Ал, бұрынғы комбайындармен бұл істің жартысы ғана тындырылған. Кабина тың дүниелермен жабдықталған. Мұнда салқындатқыш кондиционер де бар. Оны қоссаң шіліңгір шілденің ыстығы сезілмейді.

Виктор Штраух – «ЖНВ-СК» ЖШС механизаторы, М.Жұмабаев ауданы:

– Серіктестіктегі шаруаның жартысын заманауи техника атқарады. Олар істі жылдам әрі сапалы тындырады. Мен тізгіндеген комбайн Канада елінде жасалған. Рөлі оңай басқарылады. Кабина ішінде мүлде ыстықтамайсың. Шаруға таңғы 8-де кірісеміз. Жұмыс кешкі 10-да аяқталады.

Серіктестік маусым айынан бастап малға азық дайындап жатыр. Өнім жалғыз «ЖНВ-СК» кәсіпорына емес, аудандағы тағы бір агроқұрылымға және Рощино селосындағы тұрғындарға әзірленуде.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

–  Науқанды жұмысқа 2 орақ, 2 шөп буғыш, 3 трактормен кіріскен серіктестік ауылдағы ағайынды мынадай 570 бума шөппен қамтып үлгеріпті. Мұның әрқайсысының салмағы 400 кг-ды құрайды. Жұмысшылар шілденің 15-не дейін осындайдың тағы 900-ін дайындауды жоспарлап отыр.

Қазір қызметкерлер арпабас шөбін шабуда. Айта кету қажет, биыл гектар берекелігі төмендеу. Мамандар 1 гектардан 8,5 центнер өнім алып жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 12 центнерді құраған екен. Фермерлердің айтуынша, мамыр, маусым айларында алқаптарға жаңбыр жаумапты. Сондықтан азға қанағат етуге тура келеді. Бірақ, биыл қыстан қиналмай шығамыз дейді серіктестік директоры Станислав Якушевский. Ферма маңында былтырдан қалған 1200 тонна азық бар екен.

Станислав Якушевский – «ЖНВ-СК» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Маусымның 19-ы күні шөп шабуға кірістік. Бүгінге дейін 240 тонна өнім әзірлеп, селодағы 190 жанұяны қамтыдық. Араларында жұмысшыларымыз да бар. Әр отбасыға 3 бумадан таратылды. Енді өзімізге азық дайындап жатырмыз. Жақын арада істі аяқтап, сату үшін шөп шабамыз. Бір буманың құны 4 мың теңгені құрайтын болады.

Қазір М.Жұмабаев ауданында 50 мыңнан аса мал бар. Оларға 63 мың тонна шөп, 15 мың тонна пішендеме және 4 мың тонна сүрлем дайындау қажет. Фермерлер маңызды істі жаздың соңына дейін аяқтамақ.

Бердимурат Баймухан