Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәртіп сақшыларына қызметтік көліктер тапсырылды

Қызметтік көліктер тапсырылды! Бүгін жергілікті полиция департаментінің автопаркі 35 темір тұлпармен толықты. Елбасының тапсырмасы бойынша сатып алынған машиналармен мамандар Петропавлдың ішкі көшелері мен қала сыртындағы жолдарды патрульдемек.

Қаз-қатар тізілген көліктер алыстан көз тартады. Олардың барлығы – су жаңа. Әрқайсысы заманауи құралдармен жабдықталған. Мысалы, төбелерінде озық үлгідегі камера, дауыс зорайтқыш қондырғы бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау үшін полицейлердің техникалық құралдары жақсы болуы керек. Біз биыл 35 автокөлік сатып алдық. Бұл Елбасының тапсырмасы болатын. Машиналар 2018 жылы қабылданған өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында сатып алынды.

Бүгін тәртіп сақшыларына “Lada Vesta”, “УАЗ”, “Skoda” маркалы көліктер берілді. Алғашқысының кілті Бекболат Бүркітбайға да тапсырылды. 4 жылдық еңбек өтілі бар маман Петропавл-Жезқазған трассасын патрульдейді. Азамат жұмыста жаңа, жылдам автомобильдер маңызды рөл атқарады дейді.

Бекболат Бүркітбай – СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы:

– «Lada Vesta» көлігі өте ыңғайлы. Жылдамдықты тез арттырады. Ауылды жерлерде жүрген кезде де қолайлы. Тағы, бір ерекшелігі ішінде кондер орнатылған.  Біздің мақсатымыз – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әр адамның өмірі бізге – қымбат.

Бұл көліктер заңбұзушылықты жедел арада анықтауға, кінәлі жандарды табуға септеседі. Жалпы, биыл патрульдік полиция қызметкерлері 700-ден астам қылмыстың бетін ашыпты. Олардың саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20 пайызға аз екен. Облыс басшысы көліктермен танысу барысында алдағы уақытта қалаға жаңа автобустардың да әкелінетіндігін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қостанай заводында шығарылатын автобустар жақсы сапаға ие. Басқа қалаларда да осындай автобустар қолданылып жатыр. Мәселен, жуырда Көкшетау қаласы алғашқы партияны сатып алды.

Сондай-ақ, жақында өңірдегі заманауи қондырғылармен жабдықталған жедел жәрдем көліктерінің де саны артпақ. Тамыз айында облысымызға 18 бірдей қызметтік автомобиль әкелінбекші.

Маржан Касымбек