Әр түрлі

Петропавлда тротуарлар жөнделіп жатыр

Биыл Петропавлдағы 14 көшенің бойында орналасқан тротуар жөндеу көреді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды қалыпқа келтіруге облыстық бюджеттен 145 млн теңге бөлініпті. Іс жаздың соңына дейін аяқталмақ.

Маусым айының ортасынан бастап Семашко көшесі бойында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда жасыл желетке киген қызметкерлер ескі жиектастарды жаңалауда, тротуарға асфальт төсеуде. Себебі, бұрын бұл маңда адамдардың әрлі-берлі жүріп-тұруларына арналған жөнді жол болмапты.

Нұрдәулет Шаяхмет – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмі секторының әдіскері:

– Бұл жердегі тротуар қысқа болды. Сондықтан біз оны кең салып жатырмыз. Бір жағынан – жиектас, екінші жағынан бордюр қойдық. Себебі, екінші жағында жолы орналасқан. Тротуарда су тұрмасы үшін ондағы асфальт тігінен емес, қиғаштау төселуде.

Бұл жердегі шаруаға жергілікті “ДорСетьСтрой” серіктестігі жауапты. Мамандар асфальтты талапқа сай төсеп жатырмыз дейді. Олар жаяужолға 12 сантиметр қиыршық тас және 4 сантиметр асфальт төсепті. Мұнда тек тротуар ғана емес, Семашко көшесі де жөнделеді екен. Мердігер атқарылған іске екі жыл көлемінде кепілдік береді.

Жоспар бойынша ағымдағы жылы Петропавлда орналасқан 14 көшенің бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол жөндеу көреді. Іске облыстық бюджеттен 145 млн теңге бағытталыпты.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

–  Қазіргі таңда Партизан мен Жамбыл көшелерінің қиылысында, және Жәлел Қизатов көшесінің бойындағы жаяужолда асфальт төселіп жатыр. Бұл бүгінгі таңда маңызды мәселелердің бірі болып табылады. 03:01 Істің жалпы аумағы 16 жарым мың шаршы метр болмақ. Шаруаның барлығы маусым айында басталды. Тамыз айында аяқталады деп күтілуде.

Сондай-ақ, қазір облыс орталығындағы бірнеше көше бойындағы тротураға және Пестрое көлінің жағалауына кеспе тас төселуде. Жергілікті билік өкілдернің сөзінше, маңызды шаруа жаздың соңында аяқталмақ.

Дана  Ешкенова