Денсаулық сақтау

Дәрі-дәрімек бағасы – бақылауда

Петропавлдың дәріханаларында парацетомол тапшылығы байқалады. Тек дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ. Препарат алдағы бірер тәулікте сөрелерде пайда болмақ. Ал арнайы мониторингілік топтар осымен екінші күн шаһардағы дәрі-дәрімек дүкендерін тексеріп жүр. Мамандар сұранысқа ие 40-тан аса медикамент бағасын негізсіз шарықтатып жібергендерді анықтауда.

Біләл Қожантаев:

– Жоқ, ертең болады дейді. Есіл ауданынан қалаға арнайы келіп отырмыз. Ешқайда жоқ.

Ал бұл – Алматыдағы ахуал. Дистанция сақталып жатқан жоқ. Топырлаған жұрт дәрі алмаққа ұзын-сонар кезекте тұр. Дене қызуын басатын медикаменттерге деген сұраныс қазір жоғары. Петропавлда дәл мұндай ажиотаж байқалмайды. Десе де, бағасы арзан қарапайым парацетомолдың тапшылығы бізде де сезіледі.

Елена Карпунина – фармацевт:

– Қазір парацетомол дәрі-дәрімек жеткізетін дистрибюторларымыздың өзінде жоқ. Бірақ, препарат ертең келеді деп күтіп отырмыз. Балаларға арналғаны да, ересектерге арналғаны да болады. Жұртшылық көп сұрайды. Алайда, оларға дене қызуын түсіретін өзге балама дәрілерді ұсынамыз.

Олардың да құрамында сол парацетомол бар, олар да қызуды басады, тек бағасы қымбаттау болмаса. Баға демекші, Президенттің өзі жағдайды пайдаланып, дәрі құнын негізсіз шарықтатқандарды жазалауды тапсырды. Сұранысқа ие 41 аталымның соммасы қазір қатаң бақылауда. Осымен екінші күн жауапты органдар қала дәріханаларын аралап, тексеріп жүр. Ескертусіз.

Инспекторлардың сөзінше, біздегі кәсіпкерлер бағаны ұстап тұр. Бірақ, бәрі емес. Тексерілген 50-ге тарта дәріхананың бірнешеуінде шектен тыс қымбатшылық тіркеліпті. Ал бір дәріханада тіпті тиісті құжаттары жоқ мың жарымға жуық дәрі пластинкасы анықталды. Кәсіпкер 458 қорап «Парацетамол» мен 83 пластинка «Аспирин»-ді заңсыз сатпақ болған. Елді індет жайлағанда қалтасы мен қара басын ойлағандарды жаза күтіп тұр.

Екатерина Совенко – облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті фармацевтикалық инспекторат бөлімінің бас маманы:

– Препараттардың құнын заңсыз өсірген дәріхана басшыларына айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері – 361 мың, орта кәсіпкерлік өкілдері – 555 мың, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері 2 млн 778 мың теңге штраф төлейді. Ал егер бір жыл ішінде бұзушылық қайталанса, жарты жылға дейін лицензиядан айрылады.

Дәріхана дәрінің бағасын қымбаттатып жіберді ме, жоқ па – мұны қазір кез келген азамат біле алады. Қолда тек смартфон болса болғаны. Біз де бағамдап көрелік.

Саят Ермек – тілші:

– Біз жеке зерттеу жүргізуді шештік. Қолымызда ақша бар. қазір мына дәріханаға кіріп, дене қызуын төмендететін препараттардың бірін сатып аламыз. Кейін оның бағасы шамадан тыс қымбат емес пе екен, соны тексеретін боламыз. Сонымен, дәріханаға кірдік, дене қызуын түсіретін препараттардың бірін сатып алдық. Алайда, неге екені белгісіз, қарапайым клиент ретінде келген мені дәріхана қожайыны айқай-шумен қуып шықты. Жә, тақырыпқа қайта оралайық. Мына дәрі-дәрімек үшін 566 теңге жұмсадым. Министрлік белгілеген шекті баға – 583 теңге. Яғни дәріхана шекті бағаны ұстанып отыр. Директордың не үшін шыр-пыр болғаны белгісіз.

Осы орайда, жұртшылыққа мына бір жәйтті ескеру керек.

Саят Ермек – тілші:

– Әрбір дәрі-дәрімектің тіркеу куәлігі болады. Оның нөмірі қаптаманың бұрышында кішкентай әріп сандармен жазылған, дәл сол нөмір “DariKZ” қосымшасында да жазылған. Яғни, препараттың шекті бағасын тексермес бұрын осы екі нөмірдің сәйкестігін қарап алу керек. Өйткені, тіркеу куәлігінің әртүрлілігіне қарай бір дәрінің бағасы да әртүрлің болуы мүмкін.

Жалпы айтар болсақ, жауаптылар Петропавлда медикаменттерге қатысты ахуал тұрақты деп отыр. Алайда, бақылау жалғаса бермек. Ал азаматтарға мамандар дүрбелең тудырып, дәріханаларға жүгірмеуге кеңес береді. Ал тауардың шектен тыс қымбат екенін байқағандар экранда көрсетілген нөмір бойынша хабарласа алады.

Саят Ермек