Білім

Шығармашылық мамандықтарға түсуші талапкерлер емтихан тапсыруда

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Университетінде  шығармашылық мамандықтарға түсуші талапкерлердің емтихандары басталды. Қазір 500-ден астам жас өздеріне жүктелген арнайы тапсырмаларды орындауда. Маңызды сынақ шілденің 10-шы жұлдызына дейін жалғаспақ.

ҰБТ аяқталды. Қазір кейбір талапкерлер жоғарғы оқу орнына түсу үшін шығармашылық емтихан тапсырып жатыр. Мысалы, болашақ журналистер «Zoom» бағдарламасы арқылы сынақтан өтуде. Бірақ, бүгін жастардың білімдері сыналмайды, оқытушы мен қыз-жігіттер тек әңгімелесіп, жақынырақ танысады. Ал ертең арнайы тапсырмаларды орындайды. Түлектердің арасында Назерке Құдабай да бар. БАҚ өкілі атану оның бала күнгі арманы екен.

Назерке Құдабай – талапкер:

–  Әр түлектің арманы жақсы мамандықтың иесі атану. Оқу орнына түсу. Мен бала кезден бастап диктор болуды армандайтынмын. Оны жүзеге асыру үшін мектепте жүріп-ақ білімімді шыңдадым.

Шығармашылық емтиханды журналистерден басқа тағы кімдер тапсырады? Енді осыған тоқталып өтейік.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Бірінші кезекті ҰБТ-да Қазақстан тарихы мен Оқу сауаттылығынан 5-тен жоғары ұпай алғандар, шығармашылық мамандықтарды білім аламын деген ұл-қыздар тапсырады. Олар: дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық мамандығы, дизайн, журналистика.

Жалпы, шығармашылық емтихан тапсырғысы келген қыз-жігіттер мамырдың 20-нан бастап өтініш білдірген екен. Құжаттар шілденің 7-сі, яғни кешегі күнге дейін электорды жүйеде қабылданыпты

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Барлық мамандықтар бойынша арнайы кесте жасалды. Құжаттарды онлайн түрде тапсырды. Талапкерлер университет сайтына кіріп, емтиханға тіркелу тетігін басып, мәліметтерін қалдырды. Емтихандар онлайн немесе офлайн форматта өтуде.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабырғасында шығармашылық мамандықтар бойынша білім алу үшін биыл 500-ден астам талапкер құжат тапсырыпты. Яғни, осынша азамат шілденің 10-на дейін арнайы сынақтан өтпек.

Маржан Қасымбек