Құқық қорғау органдары

Петропавлда есірткі саудалаған бойжеткен ұсталды

Петропавлда есірткі саудалады деген күдікпен 18 жасар бойжеткен ұсталды. Полицейлер одан белгісіз синтетикалық еліткіштің 40 грамын тапқан. Күшті әрі аса қауіпті нашаның мұндай түрі өңірде алғаш рет анықталып отыр.

Зиянды зат күдіктінің пәтерінен табылды. Баспанада, сондай-ақ, есірткі салуға арналған қаптаманың түр-түрі, бірнеше ноутбук, таразы және саудаға қажетті өзге де дүниелер болған. Қазір азаматшаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның барысында бойжеткеннің нашаны интернет-дүкен арқылы сатып алғаны анықталды. Кейін дилер заңсыз тауарды белгілі бір жерге тығып кету арқылы саудалап отырған.

Саят Ермек