МТРА жаңалықтары

Биыл Ақжар ауданында 21 әлеуметтік маңызы бар нысан жөнделеді

Бүгінде Ақжар ауданында ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Мұнда әлеуметтік маңызы бар нысандар, үйлер салынуда, көшелерге жарық шамдары орнатылуда. Бұдан бөлек, шетелдік технология негізінде өнім көлемін арттыратын қоспа жем өндірілуде. Бұл – облысымыздағы бірегей жоба. Маңызды іспен ауданда жұмыс сапарымен болған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов танысып, өз бағасын берді.

Облыс әкімі ең алдымен Ақжарқын ауылдық округіне ат басын бұрды. Мұнда былтыр мектеп жөнделіп, биыл 13 көшеге қиыршық тас төселіпті. Одан бөлек басты көшеге жарық шамдары орнатылған. Ауыл – потенциалы жоғары елді мекендердің қатарында. Былтырдан бері мұнда күнгейден және Нұр-Сұлтаннан қоныс аударушыларға арналып баспаналар тұрғызылуда. Ал үстіміздегі жылы жергілікті мәдениет үйін қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынған.

ЕРМЕК ҚАЙЫРЖАНОВ – АҚЖАРҚЫН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

– Осы мәдениет үйіміз Президентіміздің арқасында биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша 19,4 млн ақша бөлініп, «Альянс Петропавл» ЖШС 28 мамырдан бастап жұмысқа кірісті. Төбесі бәрі істеліп, жатыры жөнделіп, сәнін келтіріп, ішін әрлеу, қасбетін жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр.

Жөндеу жұмыстары 80 процентке аяқталған. Мәдениет үйінің бірінші қабатында фитнес зал ашылады. Ғимарат айдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Шаруамен танысқан Құмар Ақсақалов жағдайды бағамдай келе ең алдымен сапаға баса мән беру керек деді. Сонда ғана жасалған іс халықтың көңілінен шығады.

ҚҰМАР АҚСАҚЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Көп функционалды мәдениет үйі болуы керек. Тек қана Совет үкіметінің кезіндегі бір зал ғана емес. Қазір киноға да ешкім бармайды ауылда. Сондықтан спортпен де шұғалдануы керек. Үлкені, жасы осында келіп түрлі-түрлі үйірмелерге қатысса жақсы болады. Сол үшін біз көпфунционалдық болсын деп талап қойып отырмыз.

Келесі аялдама – Дәуіт елді мекені. Мұнда 2017 жылы «Бекет» шаруашылығы 600 басқа шақталған сүт фермасын ашқан болатын. Ал бүгінде фермада күніне 900-1000 литрге дейін сүт сауылады. Оны күн сайын «Гормолзавод» серіктестігі алып кетіп отырады. Қожалық басшысы Марат Шәпеновтың айтуынша, ақтың бір литрін 145 теңгеден саудаланады. Оған тағы мемлекет тарапынан берілетін субсидияны қосыңыз. Бір сөзбен, айтқанда өте тиімді іс.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– 2 жылдың ішінде Марат Шәпенов 3 ферма ашты. Мінекей қандай жақсы жұмыс. Басқа шаруашылық басшылары үлгі алу керек. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Қаражат бөлініп жатыр. Істеу керек жұмысты. Мүмкіндікті пайдалану керек.

Дәл осы кәсіпкер былтыр 900 басқа шақталған бордақылау алаңын да салған. Осылайша ауыл халқын жұмыспен қамтып, елді мекеннің әлеуетін көтеріп отыр. Тіпті оңтүстіктен қоныс аударушыларды жұмысқа алып, оларға баспана тұрғызуда. Тағы бір айта кететін жайт фермерлік қожалық былтырдан бастап гидропониканы игеріп, жылыжай да ашқан. Онда мал азығына қоспа ретінде пайдаланылатын арпа өсіріледі.

МАРАТ ШӘПЕНОВ – «БЕКЕТ» ФҚ БАСШЫСЫ:

– Мақсатымыз – жасыл әрі пайдалы жем азық алу. Күніне 1,5 тонна алып жатырмыз. Бір басқа қазір 3 кг беріледі. Осы қоспаны жемге қосу арқылы сиырлардың сүтін арттырып отырмыз.

Бұл – шетелдік технология және өңірде алғаш рет қолданылып отыр. Фермерлік қожалық базасында облыс әкімі ауданның бір топ диқанын жинап, атқарылған және атқарылуы тиіс жұмыстардың жайын сұрап білді. Бүгінде ауданда 246 шаруашылық бар. Олардың 25-і ғана мал шаруашылығымен айналысады екен. Осы орайда аймақ басшысы фермерлерге мал ұстауға кеңес берді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Ескертемін, алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін. Мысалы, егістік алқаптары бар, бірақ, мал шаруашылығымен айналыспайтын серіктестіктер мал ұстауға міндеттелуі ғажап емес. Көнбесеңіздер бастапқы уақытта айыппұлмен құтылуларыңыз мүмкін. Бірақ, уақыт өте келе, мал ұстамайтындар ұстайтындарға жерлерін босатып берулеріне тура келеді. Өйткені, қаншама жайылымдық алқаптар пайдалынылмай жатыр.

«Бекет» шаруашылығы биыл тағы бір ірі жылыжайдың құрылысын бастады. Оған көкөніс пен жеміс-жидек егіледі. Осылайша тауарды сырттан әкелмей, аудан халқының сұранысын қанағаттандырмақ ниетте. Аймақ басшысы іс сапары соңында аудан орталығы Талшықта болды. Мұнда ол жергілікті жас кәсіпкерлермен кездесті. Бұдан бөлек. жаңа қонақ үйдің құрылысын, орта мектеп пен орталық стадионда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын бағамдады. Мәселен, стадионда жаңадан газон төселіп, жүгіруге арналған жолақтар жасалуда, ал маңынан валейбол және баскетбол алаңы салынып жатыр. Бөлінген қаражат 52 млн теңгеге жуықтайды.

Аудан әкімі Ербатыр Мадъяровпен әңгіме барысында Құмар Ақсақалов оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аударушыларға жағдай жасау мәселесін де көтерді. Айта кеткен жөн, биыл көшіп келушілерге арналып облыс бойынша 800 үй тұрғызылады. Оның 59-ы Ақжар ауданына тиесілі.