Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі эпидемиологиялық жағдайға байланысты сұрақтарға жауап берді

Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға арналған төсек-орын жеткілікті. Дәріханаларда да тапшылық байқалмайды. Облыста вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектің 41 түрі бар. Бүгінде препараттардың бағасы қатаң бақылауға алынбақ. Бұл туралы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов брифинг барысында айтты.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Сәрсенбідегі статистика: өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 1450-ге жуықтады. Олардың 67 пайызында – аурудың клиникалық белгілері байқалмайды. Ал, 480-інде індет симптомдары бар. Дәл қазір инфекциялық стационарда 136 жерлесіміз ем қабылдауда. Қысқасы – облыстағы эпидемиологиялық жағдай күрделі.

Ақ халаттыларға артылған жүктеме тіптен артты. Стационарларда да, жедел жәрдем қызметінде де мамандар бел жазбай еңбектенуде. Соңғылары күніне / бұрынғыдай 15 емес, 30 шақты жерлесімізге көмекке барады. Емханаларға қарайтын шұғыл жәрдем қызметкерлерінің жағдайы да осы. Тұрғындардың дені – жоғары дене қызуы, жөтел мен ауаның жетіспейтіндігіне шағымданады. Сондықтан, 25 бригада бүгінде портативті өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтылған. Емдеу мекемелеріндегі жағдайға келер болсақ…

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінгі күні сұраныстың артуына байланысты 1-ші қалалық аурухана, фтизиопульмонологиялық орталық пен М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов аудандарындағы ауруханаларда төсек-орын санын 65-тен 435-ке дейін көбейтудеміз.

Әзірге, төсек саны жеткілікті. Бүгінде облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтарға арналып 1340 орын қарастырылған. Оның ішінде 435-і инфекциялық, қалғаны провизорлық стационарларда орналасқан. Тапшылық мәселесі бүгінде тек медициналық жабдыққа байланысты туындауда. Өңірге індет жетпес бұрын  өкпені жасанды желдету аппараттарының 75 данасы болды. Ковид-19 елді жайлағанда су жаңа, заманауи тағы 5 -уі сатып алынды. Бірақ, бұл әлі де аздық етеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен аптада жергілікті бюджеттен қосымша 400 млн теңге бөлінді. Қаражатқа 20 ИВЛ аппаратын аламыз. Қондырғылар шілде айының соңына дейін келеді. Одан бөлек, желтоқсанда жоспарға сай өкпені жасанды желдетуге арналған 38 құрылғы жеткізілуі керек. Қазір Денсаулық сақтау министрлігінен бұл мерзімді қыркүйекке жылжытуды сұрап отырмыз.

Ауруханалардағы препараттардың барлығы – жеткілікті. Тапшылық дәріханаларда да сезілмейді. Облыста вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектің 41 түрі бүгінде бар. Бағасы да қатаң бақылауға алынбақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті:

– Азаматтар дәріханаларда дәрі-дәрмектің бағасының негізсіз өсу фактілеріне шағымданып жатыр. Пандемия жағдайында бұлай болуы мүмкін емес. Үкімет пен құқық қорғау органдарына бұл мәселені шешуді тапсырдым. Кінәлілер жауапқа тартылады.

Бүгінде darikz қосымшасы іске қосылды. Бағдарламада препараттардың бекітілген бағасы көрсетілген. Егер дәріханалардағы тауардың құны одан асып кетсе, экранда көрсетілген қауырт желінің нөміріне хабарласып, шағым білдіре аласыз.

Эльмира Садвокасова