Денсаулық сақтау

Медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды

Гиппократ антына адал жандар марапатталды! Облыс әкімі Құмар Ақсақалов коронавируспен күресте алдынғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Медальдар мен құрмет грамоталарына қайсарлық танытып, ерең еңбегімен көзге түскен 15 ақ халатты абзал жан лайық деп танылды.

Жігерлі, қайратты, батыл, өжет, өз істерінің хас шеберлері. Қорғаныс костюмін киіп, әр науқастың өмірі үшін күресіп жүрген батырлармен танысып қойыңыздар. Міне – олар, ақ халатты абзал жандар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, фельдшерлер және жедел жәрдем жүргізушілері алғы шепте жұмыс істеп жүр. Өз денсаулықтарын қатерге тігіп, отбасыларын сағынса да бірнеше ай бойы еңбектенуде. Сіздерге солтүстікқазақстандықтардың атынан алғыс айтамын.

Мамандар бел жазбай еңбектеніп, коронавирусты жұқтырған 545 азаматты аяқтарына тік тұрғызды. Алайда, әр азаматтың өмірі үшін күрестің артында – үлкен жауапкершілік, физикалық және психикалық ауыртпалық тұр. Президенттің наградаларына лайық деп танылғандардың дені – бірінші қалалық аурухананың дәрігерлері. Ең жоғарғы марапат – «Парасат ордені» бас дәрігердің орынбасары Ботагөз Сүлейменоваға табысталды. Бірақ, бұл барша ұжым жұмысының еңбегі дейді нәзік жанды. Наурыздан бері инфекциялық бөлімшеде 16 дәрігер, 200 медбике мен 200 санитар қалтқысыз қызмет етуде.

Ботагөз Сүлейменова – бірінші қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазіргі таңда 7 науқастың жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Олардың төртеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Азаматтарға ауа жетпей, тыныстары тарылып жатқанда қалай көмектесеріңді білмей жүрегің ауырады. Күнделікті мұны көру – өте қиын. Көз алдымызда тоғыз азаматты жоғалттық. Олардың екеуі тек коронавирус індетінен қайтыс болды. Өмірлерін құтқару үшін қолдан келгенімізді жасадық.

Әр науқасты жоғалтқанда олар туғандарынан айырылғандай сезімде болады. Бірақ, эмоцияға берілуге болмайды. Індетке шалдыққандардың алдында қызметкерлер қайсар керек. Сондықтан, қиындыққа қарамастан қорғаныс костюмін, маска мен перчатканы киіп, өздерінің сезімдерін жасырып мамандар жұмыстарын жалғастырады.

Ботагөз Сүлейменова – бірінші қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Біздегі қорғаныс костюмдерінің дені – көпреттік. Сәйкесінше, тігілген материалы – қалың. Ыстық күндері киіп жүру мүмкін емес. 6 сағат бойы жұмыс істейміз деп дәрігерлеріміз қара терге түседі. Кондиционерді қосуға болмайды. Сондықтан, шыдауға тура келеді. Киімдердің ыңғайсыздығын айтып жеткізу мүмкін емес.

Жоғары наградаларға әр медицина қызметкері – лайық. Құшақ-құшақ гүл сыйлап, талай марапат берсек те аздық етеді. Себебі, дәрігерлердің күнделікті жұмысы – нағыз батырлық. Бақытгүл Сапароваға да соңғы 4 айда артылған жүк ауыр. М.Жұмабаев аудандық ауруханасына күнделікті шекарадан өткен жүздеген адам жеткізіледі екен.

Бақытгүл Сапарова – М.Жұмабаев ауданының орталық ауруханасының терапевт-дәрігері:

– Ең қиыны – адамдарды сендіру. Жақындары ауырмағандықтан көбі коронавирустың барына сенбейді. Бала-шағамыздан алыста жүрген де қиын.

Дәрігерлердің арманы қарапайым – қалыпты өмір режиміне оралу. Мұндай мүмкіндік қазір де бар, әрине. Олар асыға, зарыға күтіп отырған жанұясымен қауыша алады, таза ауаға шығып, серуендей алады. Таңдау – көп. Бірақ, дәл бүгінгі уақытта ақ халатты абзал жандар өзге бағытты таңдаған. Мамандардың қалауы, міндеті – халыққа көмектесу.

Маржан Касымбек