БілімҚұрылыс

Биыл өңірде 107 білім беру нысаны жөндеу көреді

Үстіміздегі жылы өңірдегі білім беру нысандарын жөндеуге 5 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржыға былтырғыдай өлкеміздегі 100-ден аса ғимарат қалыпқа келтірілмек. Тізімде Петропавлдағы “ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты” да бар. Оқу ошағындағы шаруамен біздің арнаның түсірілім тобы танысып қайтты.

Петропавлдағы мына ғимарат 1986 жылы бой көтеріпті. Бертінге дейін мұнда жетімдер үйі болды. 2017-де ұл-қыздар басқа ұйымдарға таратылып, мекеме жабылды. Сонда нысанға “ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты” көшірілді. Көшірер алдында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Ал биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруа мамыр айында басталыпты.

Сәрсенбай Асылбеков, «ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты» директорының әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары: 

– Мамырдың 17-сінен бастап мектептегі ескі терезелер ауыстырлып жатыр. Жоспар бойынша барлығы уақытылы жүргізіліп жатыр. 96 жаңа терезе салынады. Бүгінде істің 60 пайызы аяқталды.

Ескі ағаш терезелерді пластикке ауыстыру үшін облыс бюджетінен 11 млн теңгеден аса қаражат бөлініпті. Бұл – шаруаның бір бөлігі ғана. Ағымдағы жылы білім ұясының шатыры да толығымен ауыстырылады. Және кәріз жүйесі қалыпқа келтіріледі.

Сәрсенбай Асылбеков, “ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты” директорының әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары:

– Шатырды ауыстыру үшін 33 млн қарастырылса, кәріз жүйесіне 25 млн теңге бөлінді. Бүгінде құбырлардың 60 пайызы дайын. Шатырдың материалдары бүгін әкелінді. Мамандар жұмысқа кірісіп кетті.

Бүгінде білім ұясында 30-ға жуық адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлігі жұмыспен қамту орталығынан жіберіліпті. Солардың бірі – Радик Алаяков. Азаматтың міндеті – еден мен қабырғаға кафель жабыстыру.

Радик Алаяков – жұмысшы:

– Шаруаны мамырда бастадым. Күнде кафель жабыстырамын. Жалақым жақсы. Жұмыс уақыты да қолайлы. Таңғы 9 дан кешкі 6 дейін еңбек етемін.

Енді облыс аумағындағы шаруаға тоқталайық. Ағымдағы жылы өңірдегі білім беру нысандарын жөндеуге 5 миллиард теңге бөлінді. Қаражаттың басым бөлігі республикалық бюджеттен берілді.

Владимир Ткаченко – облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– 2020 жылы өңірдегі 107 білім беру нысаны жөндеу көреді. Олардың басым бөлігінде шаруа мамыр айында басталды. Істі әрдайым тексеріп, мониторинг жүргіземіз. Қателіктер орын алса, ескерту жасаймыз. Бүгінде 9 объектіде тиісті шаруа толығымен аяқталды. Ал 7 нысанда жұмыс жоспардан кешігіп жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, тамыздың 25-іне дейін аймақтағы білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстары 100 пайыз аяқталуы тиіс.

Дана Ешкенова