МТРА жаңалықтары

Қазақстанда “Жас отбасы” ипотекалық бағдарламасы іске қосылды

Шілденің бірі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі “Жас отбасы” деп аталатын жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосты. Оған некеге тұрғандарына үш жыл толмаған ерлі-зайыптылар қатыса алады. Қазірдің өзінде тың жобасы аясында ел бойынша 300-ге тарта жан депозит ашқан. Араларында солтүстікқазақстандықтар да бар.

Бұл сурет осыдан 2 жыл бұрын түсірілген. Кадрда – жас жұбайлар Артем мен Екатерина. Ал үш ай бұрын отбасы Мирон есімді шекесі торсықтай ұлмен толықты. Ерлі-зайыпты жалғыз ғана перзентпен шектеліп қалмақ емес. Тек басты мәселе – пәтерде. Жас жанұяның әзірге жеке баспанасы жоқ.

Екатерина Мокринская:

– Қазір біз ата-анамызға тиесілі 1 бөлмелі пәтерде тұрып жатырмыз. Әрине, өз үйіміздің болғанын қалаймыз. Арманымыз – үш бөлмелі кең әрі жайлы баспана. Бірақ, оны сатып алуға қалтамыз көтермейді. Мен – декреттік демалыстамын, ал күйеуім – аспаз.

Енді отау құрғандарға арнап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жаңа “Жас отбасы” ипотекалық бағдарламасын әзірледі. Ол шілденің бірі іске қосылды. Катя мен Артем осы бағдарламаның аясында депозит ашқан.

Артем Мокринский:

– “Жас отбасы”-ның жылдық пайыздық мөлшерлемесі ұнады. Пәтерлердің бағасы күйіп тұр қазір. Біз сияқты аяққа тұрмаған, қарапайым жанұялар үшін қомақты ақшаны өз күшімізбен жинау мүмкін емес. Ал бағдарламаның көмегімен көп дегенде 5 жыл ішінде баспаналы боламыз деп жоспарлап отырмыз.

Жаңа өнімнің шарттары қандай? Қазір түсіндіреміз! “Жас отбасы” бағдарламасына жанұя заңды некеге тұрған күннен бастап үш жыл ішінде қатыса алады. Бұл үшін ерлі-зайыптының бірі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жаңа депозит ашып, кем дегенде 1 жыл оған қаражат салып отыруы керек. Тек содан кейін ғана ипотека рәсімдеуге болады.

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Несиені жаңа үйден немесе қайталама нарықтан пәтер алу үшін, коттедж не жер үй сатып алу, жөндеу жүргізу, жер телімін алу үшін және жер үй құрылысына рәсімдеуге болады. Депозитті ерлі-зайыптылардың екеуіне де ашып, екі есе көп мемлекет сыйлықақысын алуға болады.

Қысқасы отбаслық пакет. Кейін екі шотты біріктіру мүмкіндігі бар. Тағы бір артықшылық – жас жұбайлардың жастарына шектеу қойылмаған.

– Несиенің жылдық пайыздық үстемесі – небәрі 6 процент. Займ алу үшін отбасыға баспана бағасының тең жартысын жинау керек. Жинақтау мерзімі өткенде бағалау көрсеткіші 5 баллдан кем болмауы шарт. Мүлікті ерлі-зайыпты өздері таңдайды, тек құны 90 млн теңгеден артық болмауы тиіс. Ипотека кем дегенде – 6, көп дегенде 9 жылға беріледі. Сатып алынғалы жатқан баспана кепілзат ретінде қойылады.

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Екі жыл өткен соң, тұрғын үй заемына ауысқан кезде мөлшерлеме жылдық 6%-дан 5%-ға дейін төмендейді.

Жеке бөлек отау тігіп, жаңа аяққа тұрып жатқан, әсіресе, жас қазақстандықтар үшін баспананың жоқтығы – басты проблема. Бірі ата-аналарымен, ал енді бірі пәтер жалдап тұруға мәжбүр. “Жас отбасы” – мемлекеттік бағдарлама емес, банктің жеке өнімі. Дегенмен, шарттары “Нұрлы жер”, “Бақытты отбасы”-ларға ұқсас. Осының арқасында жұбайлардың небәрі бірнеше жыл ішінде ипотека рәсімдеп, қоныс тойын тойлау мүмкіндігі туады дейді мамандар. Тек қаражатты тұрақты түрде жинап отырса болғаны.

Саят Ермек