МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданындағы 25 ауылға жарықдиотты шамдар орнатылуда

500-ден астам түтін түтетіп отырған Прибрежное селосының ішкі көшелерінде 65 дана шам бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл – біріншіден аз. Екіншіден, олардың көбі ескі болғандықтан жарығы өте әлсіз. Жақын арада ағайынды алаңдатқан мәселе шешілмек. Елді мекенннің кейбір учаскелеріне жарықдиодты фонарьлар орнатылуда.

– Шамдарды жақында ғана орнатты. Осы көшеден бастағандары дұрыс болды. Өйткені, бұл маңда мектеп пен футбол алаңы бар. Балалар көп жүреді.

Биыл Прибрежное селосының көшелеріне тұрғындардың өтініші бойынша 9 жарықдиодты шам қойылыпты. Осындай шаруа өзге де елді мекендерде атқарылған. Бұл бағытқа аудандық бюджеттен 3 млн теңге бөлінген екен.

Рахима Мұстафина – Прибрежное селолық округі әкімінің міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:

–  Тепличное ауылында 70 шам бар. Биыл ол жақтағы ескі фонарьларды да жаңасына ауыстырдық. Шаховское селосындағы 8 көшеге 9 бірдей жарықдиодты құрылғы орнаттық. Бұл жаұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Диодты шамдардың пайдасы мол. Ең алдымен олар электр қуатын үнемдейді әрі берік. Сонымен қатар, айналаға мол жарық түсіреді. Мәселен, ескі үлгідегі құрылғының сәулесі 4500 люмен болса, заманауи дүниенікі 16000-ға дейін жетеді екен. Яғни, 3,5 есеге артық.

Қазір көшені заманауи шамдармен жабдықтау жұмыстары Бескөл ауылында да белсенді атқарылып жатыр. Істі тындыруға 60 млн теңге қаржы бөлініпті.

Қанат Дәрібаев – Бескөл ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы, Қызылжар ауданы:

– Бұдан бұрын бізде ЖКУ, РКУ тектес шырақтар болған. Олар 25 киловат тартады, ал жаңалары 120 киловатқа дейін. Сонда біз 2 есе электр қуатын үнемдейміз. Және оларға 5 жылға дейін кепілдік береді. Ескілеріне ай сайын 250 мың теңгеге күтім жасайтынбыз.

Жалпы, биыл Бескөл ауылының көшелеріне 450 заманауи шам орнатылады. Қазіргі күні жұмыстың 50 пайызы аяқталып қалыпты. Мамандар істі тамыз айында 100 пайыз тәмамдаймыз дейді.

Бердимурат Баймухан