Әр түрлі

Серіктестік басшысы жұмысшыларына баспана кілтін табыс етті

Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкер жұмысшыларына баспана кілтін табыс етті. 1 жылдың ішінде Аққайың ауданындағы “Полтавское” серіктестігі 4 бірдей үй тұрғызған. Бұл тұрғын жайлар Елорда мен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнінде агроқұрылым қызметкерлеріне берілді.

Бұл – Аққайың ауданына қарасты Полтавка селосы. Қазір қазаны қайнаған елді мекенде 800-ден астам тұрғын өмір сүріп жатыр. Олардың басым бөлігі «Полтавское» серіктестігінде еңбек етеді. Бүгін аталған агроқұрылымның басшысы қол астында жұмыс істейтін жандарға баспана кілтін табыс етпек.

Су жаңа үйдің кілтіне Илишевтар отбасы қол жеткізді. Гүлжан апай мектепте – мұғалім, ал жолдасы серіктестікте 20 жылға жуық қызмет етеді. Ол – білікті механизатор. Күндіз-түні танапта тер төгіп, кәсіпорынның дамуына ауқымды үлес қосып жүр.

Гүлжан Илишева – Полтавка селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Бір балам бар. Биыл 4 сыныпты аяқтады. Лесная поляна ауылында тұрдық. Онда үйіміз болды. Мұнда көшіп келген кезде шағын баспана алдық. Қазір үлкен үйге қол жеткізіп отырғанымыз. Өте қуаныштымыз.

Баспана Ахметжановтар отбасына да берілді. Бұл күнді жанұя мүшелері асыға күткен екен. Өйткені, бұрынғы үйлері шағын әрі ескі болыпты. Қысқы сарышұнақ аяздарда, ақтүтек борандарда жылыту өте қиынға соққан көрінеді. Енді мұның барлығы артты қалды.

Күләш Ахметжанова – Полтавка селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Қызым – мал дәрігері. 31 жыл бойы қызмет етіп жүр. Оқуды бітірген соң бірден осында орналасты. Еңбегін бағалап, үй беріп жатқанына рахмет.

Үйлердің іші кең, жарық әрі жайлы. Мұнда су құбыры мен электр сымы да өткізіліпті. Осындай баспаналардың әр қайсысын тұрғызуға әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестік иесі 8 млн теңге жұмсаған екен. Ал қызметкерлеріне екі есе арзан бағада беріп отыр. Яғни, 1 тұрғын жайдың құны – 4 млн. Бұл сомманы мамандар 10 жылдың ішінде қайтарулары тиіс. Бөліп төлеуге болады.

Ерлан Зикирин – “Полтавское” ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Құрылыс жұмыстарына қажетті заттардың барлығын Нұр-Сұлтан қаласынан алып келдік. Ұзындығы да, ені де 10 метрді құрайтын баспаналарды селомыздың тұрғындарды тұрғызды. Іс 1 жылға жуық уақыт ішінде аяқталды. Үйлер тұрмыстық жағдайы төмен жанұяларға, көпбалалы отбасылар мен серіктестікте талай жыл қызмет етіп жүрген мамандарға берілді.

Бұл – «Полтавское» серіктестігі атқарған жалғыз ілкімді іс емес. Агроқұрылым өткен жылы да бірталай шаруа тындырыпты.

Ольга Семенюк – Полтавка селолық округінің әкімі, Аққайың ауданы:

– Жергілікті серіктестік өткен жылы селодағы фельдшерлік акушерлік пункті жөндеді. Ішіне жаңа құрылғылар да сатып алды. Тағы, көшелерге жарық шамдарын қойды. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ондаған адамды еңбекпен қамтыды. Бұған тұрғындар дән риза.

Үйлер тапсырылғанымен, селода әлі де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қазір мұнда оңтүстіктен қоныс аударушы отбасыларға арналып 3 бірдей баспана салынуда. Іс мамыр айының басында басталыпты. Мамандар шаруаны күзге дейін аяқтаймыз дейді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек