Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданында болды

Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданында болды. Іс-сапар барысында аймақ басшысы жергілікті мәслихаттың кезекті отырысына қатысып, жиналғандарға жаңа әкімді таныстырды. Ол – 59 жастағы Қайрат Пішенбаев. Кейін, Құмар Ақсақалов қалыпқа келтіріліп жатқан бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысанға ат басын бұрды. Тағы, оңтүстіктен қоныс аударған ағайымен және іскер жандармен жүздесті.

Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары аудандық мәслихаттың кезекті отырысынан басталды. Күн тәртібіндегі басты мәселе жаңа әкімнің тағайындалуы. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша аймақ басшысының өкімімен жауапты лауазымға Қайрат Пішенбаев лайық деп танылды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Уәлиханов ауданының бір ерекшелігі бар. Оны білеміз. Сондықтан осы ауданға тәжірибелі басшы керек. Талап орындай алатын, өте тәжірибелі. Сондықтан біраз азаматты қарап шықтық. Ал Қайрат Сәкенұлы біздің облыстағы ең тәжірибелі азаматтардың бірі, үш ауданды басқарды. Сондықтан Қайрат Сәкенұлының кандидатурасын сіздің қарауыңызға ұсынып отырмын.

Иә, Қарат Пішенбаев осыған дейін Ақжар, Қызылжар және М.Жұмабаев аудандарын басқарды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары болды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін атқарды. Өңір жетекшісі жаңа әкімді тағайындай отырып, ауданның экс басшысының да атқарған жұмыстарын тілге тиек етті. Адал қызметі үшін алғыс білдірді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Әрбір қызметтің мерзімі бар. Оны білесіздер. Медет Дулатұлы осы мерзімге жақындап қалды. 3 жыл, 3 айдай ауданды басқарды. Осы жылдары біраз еңбек жасалынды сіздермен бірге, активпен бірге. Осы жинаған тәжірибесін ескере отырып, Медет Дулатұлын орталыққа, басқа қызметке алайын деп отырмын.

Ауданның бүгінгі даму көрсеткіштері жаман емес. Ауыл шаруашылығы саласында 2,2% көрсеткішпен өсім байқалады. Десе де былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өнім көлемі төмендеп кеткен бірнеше серіктестік бар. Олар: «Фархат», «Данияр» фермерлік қожалықтары мен «Кристина» және «Жолдасбаев» шаруа қожалықтары. Олқылықтың себебі біреу – жердің дұрыс пайдаланылмауында. Былтыр 80,9 мың гектар алқапқа тексеріс жұмыстары жүргізіліп, 60,4 мың гектар жайылымдық жердің қараусыз жатқаны белгілі болды. Ал ғарыштық мониторингтің нәтижелері бойынша 342 мыңнан астам жайылымдық алқап пайдаланылмай жатыр.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Бізде 30 балл бонитеті бар жеріміз бар, жерге қарамаймыз. Тастап кетеміз. Олай болуға тиісті емес. Сондықтан Қайрат Сәкенұлы ең бірінші тапсырма осы мәселені шешу керек. Біраз жерге адамдарды тартып, ауданның азаматтарын тарту керексіз.

“Аудандағы аграрийлер ірі қара санын көбейтуі керек деді”- Құмар Ақсақалов. Уәлиханов ауданында бүгінде бірде-бір сүт-тауарлы ферма жоқ. Одан қалды азық-түлік өндіруде де аудан – облыс бойынша соңғы орында. Ал көрші Ақжарда ірі сүт фермасының нәтижелі жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етіп, екі ауданның әлеуеті бірдей екенін және кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау басым екенін айтты. Осы орайда ауданға басшы болып тағайындалған Қайрат Пішенбаев осы аталған түйткілдерді шешуге барын салатынын жеткізді.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ – УӘЛИХАНОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 -Біріншіден Құмар Іргебайұлы өіңізге осы Уәлиханов ауданының әкімі қылып тағайындап, сенім білдіргеніңізге ризашылығымды білдіремін. Бар күш жігерімді, білімімді, тәжірибемді осы ауданның экономикалық дамуы жолында қолдануға уәде етемін. Екіншіден аудан мәслихатының депуттарына ризашылығымды білдіремін, қолдауларыңызға рақмет. Сіздермен бірге қоян-қолтық жұмыс істейміз деп сенемін.

Аудандық мәслихаттың отырысынан шығып, облыс әкімі Нұр-Сұлтаннан өңірге көшіп келіп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіп бастаған Жанат Жұматаевтың полистиролды және құм блоктарын шығаратын шағын цехына барды.

Цехтан бір тәулікте 800-ге жуық полистиролды және құм блоктары шығарылады. Одан оңтүстіктен қоныс аударушыларға арналған баспаналар тұрғызылуда. Айта кететін жайт, өнім дайындау үшін кәсіпкер басқа өңірден әкелінген ламинатталған фанераларды қолдануға мәжбүр. Бұл біраз шығынға батырады.

Биыл жыл басынан Уәлиханов ауданына 3 отбасы, жалпы 12 адам көшіп келіпті. Солардың бірі – Қарлығаш Ноғаева. 5 баланың анасы өңірімізге былтыр наурыз айында қоныс аударған. Бүгінде баспанамен қамтылып, жұмысқа да тұрыпты. Облыс әкімі күнгейден келген азаматшаның хал жағдайын біліп, жаңадан қоныстанған үйінің сапасын көрді.

Облыс әкмінің айтуынша, оңтүстік өңірлер мен Нұр-Сұлтаннан отбасыларды қабылдау жобасы алдағы 3 жыл көлемінде жалғасады. Айта кету керек, биыл Уәлиханов ауданында күнгейден келетін үйелмендерге арналып 50 баспана салынбақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Облыс әкімінің келесі аялдамасы Телжан ауылы болды. Мұнда кіре беріс жолға қиыршық тас төселіпті. Қазір жергілікті мектепте орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 54 млн теңге бөлінген.

ГҮЛМИРА КӘРІМОВА – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 – Биыл төрт мектепті жөндеуге қаражат бөлінді. Соның бірі осы Телжан ауылындағы мектеп. Бұл жерде мектептің шатыры, терезелері және мектептің есіктері ауыстырылып жатыр.

Салынғанына жарты ғасырдан асқан білім ұясы осы кезге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Аумағы 610 шаршы метрді құрайтын ғимарат 420 орынға шақталған. Айта кеткен жөн, жөндеу жұмыстары мамыр айының 18-і басталған, тамыз айының 5-іне дейін қолданысқа беріледі. Яғни жаңа оқу жылында жергілікті ұл-қыздар жаңа кейіпке енген, жылы әрі жайлы ғимаратта білім алмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Облыс бойынша биыл 100 мектеп қалпына келтіріледі. Былтыр 5млрд теңгеге 130 мектеп және балабақша қалыпқа келтірілірді. Негізі күрделі жұмыстар жүргізілді. Биыл да сол 5 млрд бөлініп отыр, сондықтан балаларға жақсы жаңалық болады.

Ауыл халқының саны 500 адамнан асады. Бау-бақша баптап, төрт-түлік өсіруге машықтанған тұрғындардың тұрмысы жаман емес. Биыл елді мекенде демалыс орталығы ашылады.

Аймақ жетекшісі жергілікті аграрийлермен де жүздесіп, қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың жайын білді. «Саяхат Али» ЖШС алқабына жиналған бір топ диқан әңгіме барысында облыс әкіміне өздерінің базыналарын жеткізді.

АЗАМАТ ХАМЗИН – «АҚБОТА» ШҚ ДИРЕКТОРЫ:

 – Біз Аграрлық несие корпорациясынан несие алуға өтінім білдіреміз, ол мақұлданғанымен облыстан бермейді. Құжаттарымызды мерзімінен кеш қарап, бір олқылық табады да қайтадан құжаттарды әзірлеуге тура келеді. Өзіңіз білесіз, біздің аудан облыс орталығынан алшақ орналасқан, сондықтан әрлі-берлі шапқылай беруге мүмкіндігіміз жоқ. Биыл несие алдық, бірақ уақытты созып, кешіктіріп берді.

Ал облыс әкімі бұл мәселені шешуді жаңадан тағайындалған басшы Қайрат Пішенбаевқа тапсырды. Оның айтуынша ауыл шаруашылық саласы облысымыздағы ең маңызды сала, сондықтан фермерлерге көмек көрсетіліп, бар жағдай жасалуы керек.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Қайрат Сәкенұлы бірден жұмысқа кірісіп кетті. Тәжірибелі азамат. Бүкіл осы АКК проблемасы болса шеше алады. Қадағалайды. Мемлекеттік қызметкерлер немесе тиісті мекемелер уақытты созып тұрса, көмектеспесе аудан әкімі кірісіп кетуі керек.

Жалпы Уәлиханов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жаман емес. Биыл аудан орталығы Кішкенекөл, сондай-ақ Қаратал мен Мортық ауылдарындағы көшелер қалпына келтірілмек. Тағы бірнеше ауыл таза ауыз сумен қамтылады. Одан бөлек Уәлиханов пен Ресейдің Омбы қаласын жалғайтын темір жол салынады. Бұл желі арқылы көрші елге қиыршық тас тасымалданады. Ұзындығы 100 шақырымды құрайтын жобаны «Транстелеком» АҚ жүзеге асыруда. Егер жоспар ұтымды жүзеге асса ауданның әлеуетіне оң әсер ететіні сөзсіз.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова