МТРА жаңалықтары

Көше бойына суағар салынуда

Ойқала ықшам ауданында орналасқан Потанин көшесінің бойына суағар салынып жатыр. Тұрғындардың шағымы бойынша бастау алған іс жақын арада аяқталмақ. Мұның нәтижесінде тіршілік көзі жайылып, тұрғындардың жүріп-тұруларына кедергі келтірмейтін болады.

Әр жылдың көктемінде Ойқаладағы Потанин көшесін су басады. Бұдан жұрт әбден жалықты. Яғни, тізеден су, тілерсектен саз кешетін сәттен шаршады. Енді бұл қиындық артта қалмақ. Қазір мұнда тұрғындардың шағымы бойынша суағар салынып жатыр. Оның ұзындығы 2 шақырымды құрайды.

Дулат Шәріпов – Петропавл қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Шаһарда суға кету қаупі ең жоғары 3 учаске бар. Ол – Ойқала, Жұмысшы кенті және Береке ықшам ауданы. Сол себепті биыл осы аймақтағы көшелердің бойына суағар салуды жөн көрдік. Ойқаладағы шаруа жақында аяқталады.

Тұрғындар атқарылып жатқан жұмысқа дән риза. Олар суағарлардың пайдасын көктем келе көреміз деп отыр.

– Жасалып жатқан шаруаға көңілім толады. Көптен күткен іс тындырылып жатыр.

– Әдемі. Енді бізді көктемде су баспайды деп сенемін. Жоғарыдан келген қар суы мына жыралармен ағып кететін болады.

Сондай-ақ, биыл Жұмысшы кентіндегі “Украинская” мен “Панфилов” көшелерінің бойында да суағар пайда болады. Олардың әрқайсысының ұзындығы 6 мың метрді құрамақ. Мамандар алдағы уақытта мұндай шаруаны сапаржай маңында да жүргіземіз деп жоспарлап отыр.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан