Құқық қорғау органдары

Атты полицейлер саяжай учаскесінде мас бұзақыны ұстады

Саяжай учаскелері – қатаң бақылауда. Жазғы үйлердің аумағындағы қоғамдық тәртіпті кавалериялық полк қадағалайды. Салт атты полицейлер күнделікті Заречный мен Новопавловка кенттерінде рейд жүргізеді.

Бірер күн бұрын құқық қорғаушылар кезекті патруль барысында бұзақыны ұстаған. Ішімдікке сылқия тойып алған петропавлдық “Ранет” қауымдастығына қарасты саяжайлардың біріндегі терезелерді сындырып, тұрғындармен жанжалдасқан. Оны естіген көршілері бірден жақын маңдағы кавалериялық полкқа хабар беріпті. Осылайша көп ұзамай тәртіп бұзушы құрықталды. Жалпы, мамандар жазғы үйлердің аймағындағы жағдайды қалыпты деп бағалайды. Рейд шараларын полицейлер саяжай маусымы аяқталғанша жүргізбек.

Жақсылық Қожелдақов – қалалық ПБ кавалериялық бөлімше командирі:

– Біз 17 саяжай қауымдастығын өз бақылауымызға алдық. Тұрғындарға тиесілі мал-мүліктің ұрлануына жол бермейміз. Пандемия кезінде достарымен, туған-туыстарымен көңіл көтергендерге тосқауыл боламыз. Оқыс оқиғалар орын алмасы үшін адамдардың ішімдік ішпеулерін қадағалаймыз.

Людмила Шадрина:

– Салт атты полицейлерге алғысымыз шексіз. Күнде саяжай учаскелерін аралап жүреді. Тәртіп сақшылары барда – біздің жанымыз тыныш.

Эльмира Садвокасова