Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы алыс ауылдардағы ағайынның базынасын тыңдады

Уәлиханов ауданына жасаған 2 күндік іс-сапары барысында Құмар Ақсақалов Қайрат және Қулыкөл ауылдарында да болды. Мұнда облыс әкімі жұртшылықпен жүздесіп, ағайынның мұң-мұқтажын тыңдады. Шалғай жатқан елді мекен халқын әдеттегідей жолдың нашарлығы, су мен ұялы байланыстың жоқтығы толғандырады.

Кішкенекөлден – 280, ал қаладан 500-ден астам шақырым қашықтықта орналасқан Қайрат ауылының тұрғындары мектеп маңына жиналған. Жасы да, кәрісі де – барлығы көкейде жүрген базыналарын облыс әкіміне жеткізбек ниетте. Араларында тіпті көрші ауылдың тұрғындары бар. Солардың бірі – Елеген Сәбилев. Азаматтың айтуынша Жасқайрат ауылының тұрғындары жол азабын тартуда.

ЕЛЕГЕН СӘБИЛЕВ – ЖАСҚАЙРАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 – Менің жасым 62 де. Осы бейнетті көріп отырмыз. Істейді істеп жатыр. Бірақ шала істейді. Ақшаны жеп кетеді. Үлкен тастар жатыр, көлігіміздің дөңгелегін тіліп тастайды. Қысы-жазы азап көретініміз. Ал енді, алдағы уақытта істейтін болса бақылауға алу керек.

Жасқайратта қазір 20 отбасы түтін түтетіп отыр. Жол азабы былай тұрсын, төрт түлік өсіруге үйренген тұрғындар шабындық жер жетіспейді дейді. Сондықтан мал асырау жылдан жылға қиындап барады. Интернет мәселесі тағы бар. Дамыған заманда байланыссыз отыру қиынның-қиыны.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Мен бұл мәселені білемін. Сондықтан байланыс туралы. Екі жыл болды Оны міндетті түрде орталықпен істеу керекпіз. Ол облыстың қаражаты емес, ол республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы. Соны республикалық орталықпен дұрыс жұмыс жүргізіп, сіздерге байланыс келеді.

Жер, жол мәселесі жыл соңына дейін шешімін таппақ. Биыл Уәлиханов ауданында жол салу үшін облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Айта кету керек Кішкенекөл-Телжан, Көктерек-Тоспа-Жасқайрат-Қайрат және Қулыкөл-Қаратал ауылдарын байланыстыратын жолдарға жаңа асфальт төселмек. Бұл елді мекендерге таза ауыз су тарту мәселесі де қаралатын болады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Ескі құбырлар бар шығар. Сол жаңаларын салмау үшін біз басқа жүйені қолға алдық. Пластик құбырларды ескі құбырлардың ішіне кіргізіп, ескі құдықтарға дейін жеткізіп отырмыз. Сол құдықтан әр адам өз үйіне суды өзі тартуы керек. Бірақ сол ескі құдыққа дейін жеткізуге болады.

Қайрат ауылынан шығып, өңір жетекшісі бұдан да алшақ орналасқан Қулыкөл ауылына жол тартты. Мұндағы тұрғындардың да басты мәселесі ауыз су тапшылығы.

– Біз үкіметтен күшті нәрсе сұрап тұрған жоқпыз. Жол, су мәселесі шешілсе, қалған ұсақ-түйекті халық өзі шешіп алады. Екі жарым жыл жарық болмаған бұл ауылда. Сонда да көшкен жоқпыз. Енді міне етек, жеңімізді жинадық, Ең маңызды мәселе осы су болып тұр.

– Биыл үкіметтен тиісті қаражат бөлінді. Енді жылдың аяғына дейін су Қулыкөлге тартылады. Тек атқарылып жатқан жұмыстың сапасын қадағалап тұрыңыздар. Байланыс жүйесі де келесі аптада қосылады. 3G қосылады.

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 540 млн теңге бөлінген, Шаруамен «Қият» Құрылыс компаниясы» серіктестігі айналысуда. Облыс әкімі жергілікті кәсіпкер Саян Мүбәрәкпен де жүздесті. Ол осы елді мекенде екі бірдей сүт-тауарлы ферманың құрылысын бастаған. Жұмысқа тек ауыл азаматтары ғана тартылыпты.

– Екі жүз басқа шақталған. Малдар төрт қатар болып тұрады.

– Малдарға тапрсырыс бердіңіз бе?

 – Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша құжаттар жинадық. 90 процентке дайын.

Кәсіпкер ауыл жастары үшін спортзал ашқан. Мұнда тренажерлар, күрес залы және үстел теннисін ойнауға арналған бөлмебар. Жалпы Қуылкөл халқы ұйымшыл. Былтыр тасқын болып, ауылды қызыл су баса жаздағаны есімізде. Бірақ азаматтар бір-біріне демеу блып, бүгінде еңсесін тіктеген. Қазір ауылға кіреберістегі су шайған жол қалпына келтіріліп, елді мекен бөгетпен қоршалыпты.

 

 

Саят Ермек