МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Шал ақын ауданының әкімі ауысты

Бүгін Шал ақын ауданының да әкімі ауысты. Енді ауданға Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп комитеті облыстық аумақтық инспекциясының экс-басшысы Рахат Смағұлов жетекшілік етпек. Атқамінерді шалақындықтарға өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов таныстырды.

– Бұрынғы әкім жақсы болды. Ол келгелі жылу қазандығы мен жолдар жөнделді. Ауданда құрылыс жұмыстары қарқын алды.

– Нұрлан Есімов біздің ауданда ауқымды жұмыс атқарды. Өзінің білімділігімен, біліктілігімен танылды.

Шалақындықтар бұрынғы басшы Нұрлан Есімовтың жұмысына жоғары бағаларын беруде. Ол тағайындалғалы, яғни 2017-ші жылдан бері біраз шаруаның басын қайырыпты. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында атқамінердің еңбегіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов алғыс білдірді.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Құмар Ақсақаловтың атынан алғысымызды білдіреміз. Алдағы жұмысыңызда сәттілік тілейміз.

Нұрлан Есімов, Шал ақын ауданының бұрынғы әкімі:

– Барлықтарыңызға алғысымды білдіремін. Үш жылдың ішінде үлкен тәжірбие алдым. Барынша жақсы жұмыс істеуге тырыстым.

Нұрлан Есімовтың орнын еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп комитеті облыстық аумақтық инспекциясының экс-басшысы Рахат Смағұлов басты. Жиналғандар жаңа әкімнің кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Рахат Смағұлов еңбек жолын 2004 жылы туған ауылы Қасқатта бастаған. Ол селолық әкімшілікте маман болып еңбек етті. 2005-2015 жылдары аралығында облыстың ауыл шаруашылығы саласында түрлі қызмет атқарды. Кейін, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары болды.

Рахат Смағұловтың алдында жаңа белес тұр. Ол алдағы уақытта көшбасшылық қасиетімен танылып, басшылықтың да, халықтың да сенімін ақтауы тиіс.

Рахат Смағұлов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Мен облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа, бірінші орынбасары мен депутаттарға сенім білдіргендері үшін алғысымды білдіргім келеді. Алға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерімді, білімімді және тәжірибемді жұмылдырамын.

 

 

 

Дана Сәлімқызы