Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап берді

Өңір басшысы тұрғындармен онлайн режимде тілдесті! Кеше кешке облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің Instagram парақшасында тікелей эфирге шығып, көпшіліктің сұрағына жауап берді. Ағайыннан жолданған сауалдардың басым бөлігі коронавирусқа, өлкедегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты болды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тікелей эфирге шықпас бұрын, тұрғындардан сұрақтар қабылдады. Сауалдар аймақ басшысының әлеуметтік желілердегі парақшаларына жолданыпты. Басым бөлігі – өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Мысалы, бірқатар жерлесімізді инфекцияны анықтау үшін тапсырған анализ қорытындысының жедел арада дайын болмауы толғандырады. Оның себебі түсінікті. Қазір адамдар жаппай сынама жасатуда. Сондықтан зерттеу ісі ұзаққа созылуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы күнге дейін облысымызда 50 мыңнан аса тест жасалған. Бүгін өңірімізде тағы бір лаборатория жұмысын бастады. Ол фтизиопульмонология орталығының базасында құрылды. Мұнда коронавирусқа күніне 250-300 сынама алынады. Шілденің соңына дейін тағы бір зертхана ашуды жоспарлап отрымыз. Қазір қажетті қондырғылар сатып алынды. Мұның нәтижесінде 1 тәулікте алынатын анализ саны 1000-ға дейін артады.

Сөз барысында Құмар Ақсақалов тұрғындарды вирустың анық белгілері байқалса ғана тест жасатуға шақырды. Сонда анализ қорытындысын күткен жандардың саны қысқарады, нәтиже тез арада дайын болады. Келесі сауал да өзекті. Бүгінде ағайынды дәрі-дәрмек жетіспеушілігі сынды мәселе де толғандырады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бос дүрлігудің қажеті жоқ. Қазір кейбір азаматтар дәрілерді өте көп мөлшерде сатып алады. Тіпті, сатып алған дүниелерді өзгеге өткізіп, сауда жасап жатқандар да бар. Облысымызда препарат жеткілікті. Қажетті тауар тоқтаусыз жеткізілуде. Алдағы уақытта мәселе туындамас үшін тұрғындарға дәрі-дәрмек белгілі бір көлемде ғана сатылмақ.

Тікелей эфирде алдағы 14 күндік карантин жайы да сөз болды. Өзімізге жақсы мәлім, шілденің 5-інен бастап еліміздегі ірі сауда жән ойын сауық орталықтары жұмысын уақытша тоқтатады. Ал, осы нысандардағы және үй маңындағы азық-түлік-дүкендері штатты режимде келушілерді қабылдай береді. Енді өзгеріске құлақ түрейік. Бұған дейін сауда нүктелерінің есігі кешкі 8-ге дейін ашық болатын. Қазір 10-ға дейін ашық. Тұрғындардың өтініші бойынша жұмыс уақыты ұзартылды. Байланыс кезінде Құмар Ақсақалов қоғамдық көліктердің жайына да тоқталды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Маған саяжайларға автобустар барады ма деген сұрақ көп түсіп жатыр. Айта кетейін, қоғамдық көліктер карантин уақытында тоқтамайды. Қала ішіндегі темір тұлпарлар барлық бағыт бойынша таңғы 6 жарымнан кешкі 9 жарымға дейін жолаушы тасымалдайды. Сондықтан тұрғындар жазғы үйлеріне еш қиындықсыз бара алады. Тек қауіпсіздікті ұмытпау қажет. Ал, облыс, қала, ауданаралық автобустар тоқтатылады.

Бұл жолы блокбекеттер болмайды. Яғни, облыс ішінде емін-еркін қатынауға рұқсат. Сөз соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындарды көшеде серуендеуге, жүгіруге, ашық аспан астында жаттығу жасауға шақырды. Өйткені, дене шынықтыру адамның иммунитетін арттырады. Бірақ, 1 жерде 3 кісіден артық болмауы қажет.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан