Тұлға

“Елбасы – Тәуелсіздік тұғыры” конференциясы өтті

Облыс орталығында “Елбасы – Тәуелсіздік тұғыры” атты онлайн конференция өтті. Жиын шілденің 6-сы Елорданың туған күніне арналды. Қазақстанның астанасы Алматыдан қазіргі Нұр-Сұлтанға 22 жыл бұрын көшірілген болатын. Мұндай маңызды шешімді Тұңғыш Президент Н.Назарбаев қабылдады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімің орынбасары:

– Елбасы – еліміздің негізін қалаушы, елдігіміздің символы, тәуелсіз Қазақ­стан­ның төл тарихының бастауында тұр­ған тұғырлы тұлға! Қазақ елі қарымды қайраткерге үнемі құрмет көрсетіп келеді. Сексеннің сеңгіріне сергек жеткен саясаткердің ел мен жер алдындағы ұшан-теңіз еңбегі – ұрпаққа үлгі, баршаға өнеге!

Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше жарық көрген мақаласынан үзінді. Президенттің еңбегі Елбасы Н.Назарбаевқа арналған. Көреген көшбасшы, сұңғыла саясаткер осыдан 30 жыл бұрын ел билігіне келді. 90-шы жылдар Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қиын әрі күрделі кезең еді. Одақпен бірге, біздің экономика да құлдырады. Қазынада тіпті өз валютамызды енгізетін ақша болмады. Азаматтар жалақы мен зейнетақыны жарты жылдап күтті. Бірақ, Ұлт Көшбасшысы мемлекетті тығырықтан шығарды.

Жақсыбай Самрат – “Egemen Qazaqstan” газетінің меншікті тілшісі:

– Тоқсаныншы жылдары дағдарыс болғанда, ол кісі өзіне-өзі сенімді болды. Мысалы, Эльчибей “Бізді алтын жоқ, қалай күн көреміз” деп халқына айтатын. Ал, біздің Президент әрдайым “Біз алға басамыз” деп халықты сендірді, өз айтқанында тұрды да.

Тұңғыш Президенттің 30 жыл ішінде атқарған қажырлы еңбегі толығымен ақталды. Халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған барлық экономикалық, әлеуметтік реформалар өз жемісін әкелді. Н.Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын, біліктілігі мен білгірлігін әлем мойындады.

Жақсыбай Самрат – “Egemen Qazaqstan” газетінің меншікті тілшісі:

– Мен Елбасының жанында 10 жылдай жүрдім. Журналист ретінде Президенттік пулда болдым. Жақын жерде жүріп сырттай бақыладым. Ол кісі барлық әлемдік лидерлердің арасынан жарқырап көзге түсетін. Журналистер “Біздің Президент қайда деп” іздемейтінбіз. Ол әрдайым ортада тұратын.

1994 жылы Елбасы Н.Назарбаев елорданы көшіру туралы идеясын халыққа жария етті. Тұңғыш Президентке қолдау білдіргендер аз болды. Себебі, астананы Алматыдан сол кездегі Ақмолаға ауыстыру қыруар қаржыны талап етті.

Иван Черкалин – СҚО құрметті азаматы:

– Тәуелсіз Қазақстанның астанасы шекарадан 100 шақырым жерде орналасты. Геосаяси тұрғыдан алғанда, бұл үлкен қателік еді. Елорда мемлекеттің ортасында болуы тиіс. Мұны Н.Назарбаев жақсы түсінді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы республикамыздың ғана емес, барша Еуразияның жүрегіне айналды.

Конференцияда Елбасының 30 жыл ішіндегі өлшеусіз еңбегі баяндалды. Ұлт Көшбасшысының еліміздің аяғына нық тұрып, терезесін теңестіру үшін атқарған шаруасын өз еңбегінде саясат ғылымдарының докторы, өңіріміздің құрметті азаматы, облысымыздың экс-әкімі Тайыр Мансұров көрсеткен. “Қазақстанның ұлы адамдары” атты жинағының бір томы Н.Назарбаевқа арналған. Кітаптарды аймақ басшысының орынбасары Ғани Нығыметов шараға қатысушыларға тарту етті.

 

 

 

Эльмира Садвокасова