Мәдениет

“Ел жүрегі-Нұрсұлтан” атты фотокөрме қанат жайды

“Ел жүрегі – Нұрсұлтан”! Осындай атаумен бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде / елорда күніне орай фотокөрме қанат жайды. Көрмеге Қазақстанға аса танымал фотографтардың 40-қа жуық туындысы қойылған. Бұл еңбектерді тұрғындар шілденің 6-шы жұлдызында мұражайдың инстаграм және фейсбуктағы парақшаларына кіріп тамашай алады.

Саида Рашева – Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

 – Облыстық тарихи өлкетану мұражайында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған зал бар. Бұл жерде елбасының өмірімен танысуға болады. Балалық шағы мен еңбек жолын бейнелейтін фото суреттер жетерлік.

Бүгін дәл осы залда бас қаламыздың 22 жылдығына арналған фотокөрме қанат жайып отыр. Көрмеге қойылған туындылардың барлығы елорданың қалыптасу тарихынан сыр шертеді.

Саида Рашева – Облыстық тарихи өлкетану мұражайының экскурсия жүргізушісі:

– Бұл жерде 40 шақты фотосурет жайғасқан. Туындыларда Нұр-Сұлтан қаласында орын алған басты тарихи оқиғалар көрсетілген.

Қазақстанның жаңа астанасын салу идеясы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасымыз қысқа мерзімнің ішінде ай далада, талайларды тамсандыратын, елімізді бүкіл әлемге танытатын орда құрды. Сәулетті шаһардағы «Бәйтерек» монументі Қазақстанның символы болып табылады. Ол өз тарихын сақтап қалған, бүгінде тірегі мықты, болашақта өркендеуге ұмтылған елімізді бейнелейді. Ғимарат 2002 жылы тұрғызылды.

Ал мына сурет тура 3 жыл бұрын түсіріліпті. Мұнда Нұр-Сұлтан қаласында өткен “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесіне қатысқан ел президенттерін көреміз. Бұл тарихи оқиға бас қаламызды, Қазақстанды әлемге тағы бір мәртте танытты. Өйткені, елордадағы ауқымды шараға 115 мемлекет пен 26 халықаралық ұйым өкілдері қатысқан болатын.

Фотосуреттерде жас астананың ең көрікті жерлері де бар. Мысалы, келушілер суреттерден әкімшілік ғимараттарды, мұсылмандық сәулет құрылымдарын, білім беру, спорт, ерекше тұрғын үй кешендерін көре алады. Туындылардың барлығы отандық танымал фотосуретшілерге тиесілі. Айта кетейік, елорда күніне арналған көрмені солтүстікқазақстандықтар шілденің 6-сы күні музейдің инстаграм және фейсбук желілеріндегі парақшаларына кіріп, тамашай алады.

 

Ешкенова Дана