Мәдениет

Домбыра – асыл мұра

Құйқа тамырды шымырлатып, бойға рух беретін, делебе қоздыратын қасиетті аспап! Шілденің 5-і күні қазақстандықтар Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. Осы дата қарсаңында жергілікті өнерпаздармен тілдестік, атадан балаға мирас болған музыкалық аспаптың үнін естідік.

Жерлесіміз Біржан Есжан домбырасын қолынан тастамайды. Ол кез-келген той-думанда, мерекелік іс-шаралар мен мәдени-шығармашылық жиындарда музыкалық аспапта ойнап, жұртшылықтың қошеметіне бөленіп жүр.

Біржан Есжан – дәстүрлі әнші:

– Ақындардың жырына арқау болған, қазақтың мұң-мұқтажын, қуанышы, жеңісі мен жеңілісін айна қатесіз, кіршіксіз жеткізген – домбыра. Ал, бұл аспапқа тіл бітірген – ұлы тұлғалар.

Асхат Ғалеев та ата жолын жалғаушы. Ол өнерлі шаңырақта туылыпты. Бала кезінен ағасының сырнайда ойнағанын көріп, әжесінің әнін естіп өскен екен. Өзі 8 жасында домбыра тартуды меңгерген. Бүгінде білген-түйгенін жастарға үйретіп жүр.

Асхат Ғалеев – «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы:

– Ұстаздық етіп жүргеніме көп уақыт болған жоқ. 7 жыл өтті. 2013-ші жылдан бастап оқушыларға сабақ берем. Тәлімгерлерім бірталай сайыстардың жеңімпазы атанып жүр.

Қазақ десе домбыра, домбыра дегенде қазақ еске түседі. Ата-бабаларымыз бұл аспапты ерекше құрметтеген. Бағалы сыйлық ретінде тарту еткен, төрге қойған. Сондықтан да біздер үшін қос ішекті музыкалық құралдың орны бөлек.

Бәйімбет Құбайдолла – «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы:

– Домбыра маңдайымызға біткен ұлы аспап. Мұндай аспап ешқайда жоқ. Осы домбырамызды аялай білейік. Әр шаңырақтан төрінен домбыра түспесін. Аспапта ойнайтын жас ұрпақ көп болсын.

Айта кетейік, шілденің 5-і күні қазақстандықтар Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. Өкінішке қарай, биыл бұл мереке індетке байланысты ауқымды түрде тойланбайды.

 

 

Маржан Касымбек