Қоғам

“Біргеміз” қоры 4-ші рет мұқтаж жандарға көмек көрсетті

Шарапаты мол шара! “Біргеміз” қоры 4-ші рет мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Бұл жолы 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жәрдемақыға ие болды. Яғни, жерлестерімізге 50 мың теңге көлемінде ақша үлестірілді. Қолдау танытылған жандардың барлығы – аудан тұрғындары.

 Қиын-қыстау кезде Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Біргеміз” қоры құрылды. Оған еліміздің қалталы азаматтары қомақты қаржы аударды. Бұл ақша арнайы санатқа енген жандарға таратылды. Шарапаты мол шараның алғашқы 3 кезеңінде шамамен 15 мыңға жуық жерлесімізге көмек көрсетіліпті. Жақынды 4-ші толқыны өз мәресіне жетті.

Айнаш Рамазанова – Новоишимское селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Менің 16 жастағы ұлым бар. Ол – 1-ші топтағы мүгедек. Сәрсенбі күні балама жәрдемақы берілді. Жағдайымызды ойлап, көмектесіп жатқан жандарға ризашылығымызды білдіреміз. Қауіпті індеттен аман болыңыздар. Ешкім ешқашан ауырмасын деп тілеймін.

4-ші толқын аясында тек аудандардағы ағайынға көмек көрсетілді. Бұл жолы қор 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандыққа жәрдем беріпті. Үлкен де, кіші де назарсыз қалмады. Үлестірілген ақша 209 млн теңгені құрайды.

Ерік Әубәкіров – Мамлютка қаласының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Әкеме жәрдемақы алдық. Ол кісі – 1-ші топтағы мүгедек. Осындай қиын-қыстау кезде көмек көрсетілгеніне қуаныштымыз.

Сандуғаш Ибраева – Ленинград селосының тұрғыны, Ақжар ауданы:

– Елбасыға, «Нұр Отан» партиясына алғыс айтамын. 30-шы маусым күні бізге 50 мың теңге берілді. Өте ризамыз.

Айта кетейік, “Біргеміз” қоры жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, жарымжан бала тәрбиелеп отырғандарға, ең төменгі зейнетақы алатындарға, жетім ұл-қыздарға және ҰОС қатысушылары мен тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсетті.

Маржан Касымбек